Жастардың арманы Қазақстанда қалу ма, шетелге кету ме?

Жастардың арманы Қазақстанда қалу ма, шетелге кету ме?

Бүгінгі таңда еліміздегі әрбір жастың көкейінде «Болашағымды қай елмен байланыстырамын?» деген маңызды сауал тұр. Бірі туған жердің түтінін түтетіп, осында еңбек етуді жөн көрсе, енді бірі шекара асып, өзге елдің тұрмысын көргісі келеді.

Осы орайда Рудный қаласының тұрғыны Ақбота Бөлекбаева өз ойын ортаға салып, жастардың таңдауы мен елдегі өзекті мәселелерге тоқталды.

Ақбота өз болашағын Қазақстанмен байланыстырады. Оның пайымдауынша, еліміз – жастардың әлеуетін ашуға үлкен мүмкіндіктер бар. Қазақстанда қалудың басты артықшылығы ретінде ол ана тіліміздің қадірін айтады.

«Өз тілімізде жатырқамай еркін сөйлеп, еркін жүре аламыз. Сонымен қатар, елімізде түрлі мамандықтарды оқуға барлық жағдай жасалған», – дейді ол.

Дегенмен, Ақбота уақытша болса да шетелдің тыныс-тіршілігін көруден қашпайды. Әсіресе, Түркия елінің әлі ашылмаған қызықтарына куә болу – оның басты армандарының бірі. Бұл тек тәжірибе жинап, танымды кеңейту үшін жасалатын қадам.

Қазіргі жастардың шетелге кетуге құштарлығын Ақбота жүйелік айырмашылықтармен түсіндіреді. Оның айтуынша, дамыған елдерде білім алу жолдары әлдеқайда жеңіл әрі жүйелі.

«Біздегідей ҰБТ немесе маман иелерінен жыл сайын білім тексеріп тест алу деген шетелде жоқ. Ол жақта еркін түрде білім аласың және алған біліміңе сай лайықты жалақы төленеді.Ал бізде, өкінішке орай, қанша оқыған адамдардың жұмыссыз жүргенін жиі көреміз», – деп кейіпкеріміз бүгінгі күннің ащы шындығын тілге тиек етті.

Ақбота еңбек нарығындағы теңсіздікті де ашып айтты. Оның пікірінше, Қазақстанда жұмысы көп, бірақ ақысы аз мамандықтар жетерлік. Мәселен, білім саласындағы мұғалімдердің жағдайы алаңдатарлық. Олардың мойнында құжат толтыру, тікелей білім беру және ата-аналармен жұмыс істеу сияқты орасан зор жүктеме бар.

Алайда, мұндай қажырлы еңбектің өтеуі көңіл көншітпейді. Елімізде жалақы мөлшері 200 мың теңгеге жетпейтін салалар көп болса, шетелде бір адамның айлығы 500 мың теңгеден (баламасынан) асып жығылады. Міне, осы материалдық айырмашылықтар жастарды «өзімізде дым жоқ» деген ойға итермелеп, шетел асыруға мәжбүрлейді.

Соған қарамастан, Ақбота шетелге біржола кетуді шешім деп санамайды. Ол кез келген мемлекеттің дамуы мен жайлылығы сол елдің азаматтарына байланысты екенін алға тартады.

«Бәрі жастардың қолында. Сырттан іздеген жағдайды өзімізде де жасауға болады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген аталы сөз бар. Бақытты алыстан іздемей, өз еліміздің гүлденуіне үлес қосуымыз керек», – деп түйіндеді Ақбота Ерлановна.

Шетелдің білім сапасы мен жоғары жалақысы қызықтырғанымен, өз еліңдегі еркіндік пен туған тілдің құдіретіне ештеңе жетпейтіні анық. Ең бастысы – елдегі кемшіліктерді түзетіп, жастарға лайықты жағдай жасау – бүгінгі күннің басты міндеті.

Ақерке АРЫСТАНБАЙ
ҚӨУ студенті