Жастарды қолдау – маңызды іс

Жастарды қолдау – маңызды іс

Қостанай облысындағы жастар саны 242 896 адамға жетіп, халық санының 29% құрап отыр. Аймақ жастары әлеуметтік-экономикалық мәселелерге, оның ішінде тұрғын үй, жұмыс, оқу құны және мемлекеттік білім беру гранттарының саны сияқты сұрақтарға көп мән береді.

Қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев әкімдікте өткен жиында жастарды жұмысқа орналастыру жөнінде жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді. Облыс бойынша жұмыссыз жастар көрсеткші 2,9% болса, республикалық көрсеткіш 3,8%.

– Мәселен, NEET санатындағы жастар үлесі 2022 жылдың 4 тоқсанының қорытындысы бойынша 4,5% құрады, ал республикалық көрсеткіш 6,3%. Айта кету керек, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, NEET санатына жататын жастар санын нақтылау жұмыстары атқарылуда. Сараптамалық сауалнамаға сәйкес, NEET санатындағы жастар санының өсуіне кәсіптік бағдар беру жұмысы, жұмыс табуда жәрдемнің болмауы сияқты факторлар әсер етеді, – деді Марат Жұрқабаев.

Яғни, NEET деген қысқарған сөз ағылшын тіліндегі “Not in Empoloyment. Education or Training” ұғымды береді. Бұл “жұмыс істемейтін, оқымайтын, қысқаша айтқанда ештеңемен айналыспайтын адам” деген ұғымды білдіреді.

Басқарма басшысының мәліметінше жастардың көбі қабілеттеріне қарап емес, оқуға түсер алдында гранта түсу оңай болатын мамандықтарды таңдайды екен. Кейін оқу орнын бітірген соң жұмыс таппауларының да басты себебі осы.

– Жыл басынан бері 1300 жасқа жұмыспен қамтуға көмек көрсетілді. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 42 адам жіберілсе, ағымдағы бас жұмыс орындарына 602 жас жұмысқа орналастырылды. Кәсіптік оқытуға 206 адам, “Бизнес Бастау” бағдарламасына оқытуға 156 адам жіберілді. Ал қоғамдық жұмыстарға 186 адам тартылды, – деді Марат Жұрқабаев.

“Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша осы жылы 211 бюджеттік несие беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ 435 маманға көтерме жәрдемақы беру қарастырылған. Десек те, жастар тарапынан да аталмыш бағдарлама арқылы ауылға баруға ниеттілер саны аз.

– 2020 жылдан бері “Дипломмен ауылға” бағдарламасы арқылы 1642 адам жұмысқа орналасты. Жыл сайын бұл көрсеткіш төмендеп бара жатқанын көріп отырмын. Облыс бойынша 2021 жылы бағдарлама қатысушылар саны 558 адамды құраған. Бұл аудандардың осы бағытта сапалы жұмыс істей алмағаны деп түсінемін. Аудан әкімдері осы мәселені бақылауларына алуы керек, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Кеңесте жастарды тұрғын үймен қамту мәселесі де көтерілді. Өткен жылы Денсаулық сақтау саласының жас мамандарына 122 жалдамалы тұрғын үй берілді. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 111 жас баспаналы болған.

– Өткен жылы Қостанай облысының әкімдігі “Жас Шаңырақ” өңірлік бағдарламасын әзірледі. 2023 жылы Қостанай облысының барлық қалалары мен аудандары бойынша бағдарламаның географиясы кеңейтілуде. Сондай-ақ, жұмыс салалары бойынша шектеулер алынып тасталады, – деді спикер.

Бағдарламаны жүзеге асыруға 2 млрд 100 млн теңге бағытталып отыр. Жоспар бойынша кем дегенде 140 адамды баспанамен қамтымақ. Ал құжаттарды мамыр айында мәсихаттың жаңа шақырылымы құрылып, бюджет бекітілген соң қабылдауды бастайды.

Білім беру төңірегіндегі мәселелр де назардан тыс қалмады. Жастар саясатын тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жатақханалар салу жұмысы тоқтамайды.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша 206 орынға студенттер үйі ашылды. Биыл ҚӨУ-мен 324 орындық жатақхананың құрылысын аяқтаймыз. Оқу жылының басында біздің басқарма ЖОО басшыларымен оқу және жатақхана құнының өсуіне жол бермеу жұмысы бойынша келісімге қол жеткіздік, – деді Марат Жұрқабаев.

Диана Әзімханова Қостанай өңірлік университетінің студенті. Қазіргі таңда көптеген жастар жеңіл ақша табуды ойлайтынын айтады. Әлеуметтік желінің шырғалаңына түсіп, түрлі ойындарға түбегейлі кіріп кеткендер бар дейді.

– Заманауи технологиялардың дамуымен біз жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығының төмендеу тенденциясын байқай бастадық. Ойындарға құмарланып немесе тұрақты жұмысқа орналасқысы келмей уақытша қызметтер атқаратындар қатары артып отыр. Менің ойымша, жұмысты қазірден бастауымыз керек. Бірінші мақсатымыз – еңбекке деген сүйіспеншілігін ояту. Осыған байланысты, тек жазғы кезеңде ғана емес, жыл бойына жұмыс істейтін жастардың еңбек жасақтарына пәрмендік беру керек, –  дейді жас белсенді Диана Әзімханова.

Жастар еңбек жасақтарының бірнеше бағытын айқындап берді. Ол құрылыс, педагогикалық, ауыл шаруашылық, құқықтық, медициналық бағыттар. Осы сала бойынша еңбек жасақтарының мүшелері табыс тауып қана қоймай, кәсіби дағдыларын қалыптастырады деген пікірде.

Жазғы кезеңде жұмыспен қамтудың бір құралы “Жасыл ел” еңбек жасағы. Бағдарлама арқылы жастар үш ай демалыс кезеңінде жұмысқа тартылып, бір жағынан өздері де қосымша қаржы табады. Аталмыш бағдарламаға кейбір аудандар қаржы аудармаған. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов себебін сұрады.

– Алдағы бюджетті нақтылау кезеңінде қаржы қарастырамыз. Оған мүмкіндігіміз бар. Шамамен 6 млн теңгенің үстінде арнайы “Жасыл ел” бағдарламасына бөлеміз. Осылайша үш ай атқарылатын жұмысқа 75 жасты тартуды көздеп отырмыз, – деп жауап берді Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов.

Жітіқарада жаз уақытында қалаға келетін жастар саны көп. Сол себепті бағдарламаға қатысушылар саны жыл санап көбейе тспек. Тиісінше қаржы көлемі де артуы тиіс.

– Бізде жыл басында қаржы қарастырылған жоқ. Бірақ осы жақында өтетін мәслихат сессиясында мәселені көтеріп,  қаржы бөлеміз. Жыл сайын 70-75 жас “Жасыл ел” бағдарламасы бойынша жұмысқа тартылады. Биыл да осы көлемде қамтитын боламыз, – деді Жітіқара ауданының әкімі Нұржан Өтегенов.

Алайда, Жітіқара үшін бұл 75 адамды қамту аздық етеді. Жоспар бойынша кемінде 90 жас “Жасыл елде” жұмыс істеуі керек. Аймақ басшысы бөлінетін қаржыға тағы ақша қосуды тапсырды.

Ұзынкөл ауданында “Жасыл елге” жұмысқа кіргендер жұмыспен қамту орталығы арқылы өткізіліп, әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламасымен біріктіріліп келген.

– Жұмыспен қамтуды әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламасымен бірге қарастырамыз. “Жасыл ел” қатарына 60 жасты тартуды көздеп отырмыз. Өткен жылы екі бағдарламаға 10 млн теңгеден астам қаржы бөлдік. Биыл да 10-11 млн теңге көлемінде бөлеміз, – деді Ұзынкөл ауданының әкімі Азамат Аужанов.

Құмар Ақсақалов бағдарламаларды біріктірмей, “Жасыл ел” бағдарламасына бөлек қаржы қарастыруды тапсырды.

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

Жаңалықтармен бөлісу