Қостанайдың орталық алаңында ұйымдастырылған «Жастарға жұмыс» партиялық жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне әртүрлі саладан отызға жуық ұйым қатысты.
Онда өндіріс орындары, халыққа қызмет көрсету, банк жүйесі, қосымша білім беру ұйымдары, ветеринарлық клиникалар, әскери бөлімдер мен полиция қызметіндегі кәсіптерді таңдауға жастар кең мүмкіндік алды. Жәрмеңкенің қазіргі форматыда кеңес алуға толық жағдай бар дейді ұйымдастырушылар. Ұтымды тұсы – жастар мен халық арасындағы жұмыссыздықты азайтуға бағытталғаны.
«Орталық алаңда «Жастарға жұмыс» жобасы аясында «Жастар рухы» екінші мәрте бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырып отыр. Шараға түрлі профильдегі ұйымдар қатысуда. Мәселен, «Баян сұлу», «Деп», Полиция департаменті, Мемлекеттік қызмет департаменті, Отбасы банк және агрокредиттік корпорация сияқты ұйымдардың белсенділігі жоғары. Жұмысқа орналастыру бойынша алғашқы ең үлкен жәрмеңке маусым айында өтті, оған 10-12-ден астам ұйым шақырылды. Нәтижесінде 150-ге тарта адам қатысты, олардың 40-қа жуығы әңгімелесуге жазылды. Бұл жобадан бөлек, «Жастар рухында» Қайсар әскери патриоттық жобасы, «Тазалайық –экологиялық жастарға кеңес» сынды жобалар бар. Қала орталығы адамдар көп жүретін орындардың бірі болғандықтан осында өткізуді жөн көрдік», – дейді «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Аружан Сәрсенбаева.
Жәрмеңкеде халықты жұмыспен қамтумен қатар, мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес алуға және мемлекеттік гранттар туралы ақпарат берілді.
«Новый день» кәсіпорнында бос жұмыс орындары жетерлік. Мәселен, жүк тасымалдаушыдан бастап, буып-түюші, электрші, сүт өнімдері апппаратының операторы, инженер энергетик қажет.
«Біздің кәсіпорында толық әлеуметтік пакет бар. Еңбек демалысы қарастырылған. Сондай-ақ, 50 пайыздық жеңілдікпен тамақтануға болады. Жыл басынан бері осындай жәрмеңке мен жұмыспен қамту орталығы арқылы бізге 10 шақты адам жұмысқа орналасты. Жалақы көлемі жақсы, кешіктірілмей беріледі. Оған қоса, қосымша сыйақы да бар, – дейді «Новый день» компаниясының кадрлар бөлімінің аға менеджері Елена Каркарина.
Жәрмеңкеге биыл Қостанай педагогикалық колледжін тәмәмдаған Аружан Итугулова да қатысқанын айтады.
«Бүгінгі жәрмеңкеге түйіндемемді алып келдім. Мамандығым тәрбиеші. Осындай бос орындар жәрмеңкесінің жиі өткізілгенін құптаймын. Бұл арқылы көптеген жұмыссыз адамдар жұмыс табу мүмкіндігіне ие болуда», – дейді Аружан.
Жәрмеңкеге «AMANAT» партиясының ҚОФ төрағасының орынбасары Жанар Күйшинова мен облыстық мәслихат депутаты Серік Манасбаевтың қатысуымен жылжымалы қоғамдық қабылдау бөлмесі де қатысты.
Жәрмеңке нәтижесінде ұйымда сұхбат кезеңіне 104 адам жазылды, 13 адам бірден жұмысқа қабылданды. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне 10-нан астам өтініш келіп түсті. Қостанай облысында кадр тапшылығы бар екені белгілі болды. Алдағы уақытта да «Жастарға жұмыс» жобасы жүзеге асырылмақ.
Әсел Қибаш
Суреттерді түсірген Бейбіт Мейрамұлы