Арқалық қаласындағы «АйҚаз» өнер-білім орталығының өнерлі балалары «Алматы жұлдыздары» ІІ Халықаралық көпжанрлы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы байқауынан ГРАН-ПРИ иеленді.
Аталмыш байқауда өнерпаздарымыздан 13 бала испан биінен бас жүлде, 12 бала қазақ биінен бірінші орын олжалады.
Бұл орталықтың ашылғанына үш жыл толып отыр. Би үйірмесінің жетекшісі, педагог -хареограф Әйгерім Балғынбаева қолдау білдірген орталық басшысы Қазбек Жаңабай мен өнер көрсеткен биші балапандарға және олардың ата-аналарына зор алғысын айтады.
«Алматы қаласында Қарлығаш Әбсаттарқызының жетекшілігімен керемет сайыс өтті. Сайысқа қаламыздан 25 бала апардық. Екі тобымыз да бір категория бойынша 7- 8 жастан қатысып бақтарын сынады. Қолдау көрсеткен ата-аналарға алғысымыз шексіз. Белсенділік танытып, балаларын үнемі қолдап, қалаған жерлеріне апарып жатыр», –дейді Әйгерім Мейрамбекқызы.
Байқаудың мақсаты мен міндеттері – дарынды балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын дәріптеу, дарынды балалар мен шығармашылық ұжымдар басшыларының, педагог- репиторлардың шығармашылық әлеуетін іске асыру болып табылған.
Жалпы ережеге қазіргі хореографияның барлық түрлері яғни: классикалық би, халық биі, қазақ биі, эстрадалық би, эстрадалық спорттық би, көше биі, би театры т.б жатады. Вокал жанрында: халық әні, эстрадалық ән айту, авторлық ән, академиялық ән айту, аспаптық өнерде: түпнұсқа жанры, сән театрлары сынды жанрларда өнер көрсету назарға алынған.
Байқау нәтижесінде ГРАН-ПРИ мен жүлделі орындар әрбір аталым бойынша тағайындалып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер медалмен, сертификатпен марапатталды.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы