Қостанайда қалалық №1 Балалар музыка мектебінде балдырған музыканттар сынға түсті. Бұл – ұлттық аспаптарда ойнайтын өнерпаздардың республикалық фестиваль-байқауына жол ашатын облыстық іріктеу кезеңі. Екі күнге ұласқан сайыста музыка және өнер мектептерінің шәкірттері шеберлік байқасты.
Байқауға облыстың 17 өңірінен ұзын саны 200-ден астам жас музыкант қатысты. Оның ішінде 108 жеке орындаушы және он ансамбль мен екі оркестр үш жас деңгейі бойынша өнер көрсетті.
Қостанай Балалар музыка мектебі екі күн Тобыл-Торғайдың жас дарындарын бір нүктеге жиған ән-әуен ордасына айналды. Бәсі жоғары бәсекелесіктің айырықша атмосферасы, сахнаға шығарылған бірінен бірі асып түсетін, деңгейі биік туындылар көзді жаулап, көңілді баурарлықтай болды. Жүлделі орындардың шектеулілігі, республикалық кезеңге берілетін санаулы жолдама байқауды барған сайын тартысты етіп, жас дарындарды ширықтыра түсті.
Қостанай музыка мектебі білікті педагогтарымен және талапты шәкірттерімен қашаннан-ақ танымал. Олардың осы жолғы дайындығы да жоғары болғанын аңғару қиын емес. Алдын ала іріктеліп, анағұрлым бәсекеге қабілетті қатысушылар сайысқа түскен байқауда нағыз үздіктер қазылар назарына ілікті. Осы мектептің таңдаулылары да үміттің үдесінен шықты деуге болады. Оған жүлделі орындардың басым көпшілігінің облыс орталығына бұйырғаны анық дәлел.
Қостанай қаласы білім бөлімінің №1 Балалар музыка мектебінің еншісіне үш бірдей Гран При бұйырды. Жеңімпаздар – Дархан Қанапин, Юлия Латыпова және Жанәли Қабжәлел. Сондай-ақ Мерей Аманжол мен Айша Балғынбек 1-орын иеленді. 2-орын жүлдесі төрт оқушының еншісінде. Олар – Максим Отрощенко, Вероника Замша, Роман Драгун, Жансая Сайпилова. Ал Ксения Ищенко, Елнұр Салпенов және Әсем Мырзагелдіқызы 3-орынды қанағат тұтты. Даниил Иващенко, Лейла Ионова, Тимур Кан, Айару Тоқтарқызы, Сергей Туркин, Даниил Цой байқау дипломанты атанды. Бұдан бөлек, Қазақ халық аспаптар ансамблі (жетекшісі – Гүлхауан Амирова) және Орыс халық аспаптар оркестрі (жетекшісі – Наталья Вильянова) байқаудың жеке-жеке жеңімпаздары деп танылды.
Енді жеңімпаздар мен жүлдегерлерді алда республикалық байқау күтіп тұр. Облыс намысын қорғауға аттанатын жас дарындардың жұлдызы жарқырап, жеңіс тұғырынан көрінеді деген үміттеміз!
Нұрбол Жатқанов,
Қостанай қалалық №1 Балалар музыка мектебінің оқытушысы