Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел тірегі демекші, балабақша қабырғасындағы және енді мектеп табалдырығын аттауға дайындалған даярлық тобындағы балғын бала – болашақтың бағдары.
Тал шыбықтай майысқан бүлдіршінге қандай ақыл, тәрбие берсек жамандық, жақсылық сол жаққа иілетіні анық. Жақсы азамат тәрбиелеу үшін тек ата-ана, мектеп емес қоғам болып атсалысқанымыз жөн. Ер балаларға жақсы қасиеттерді бойына дарыту үшін Қостанай аудандық балалар кітапханасы да шетте қалып жүрген жоқ. Жыл сайын түрлі сайыстар ұйымдастырып отырады. Сондай сайыстардың бірі, «Алтын Дән» мәдениет үйінде 7 мамыр – Отан Қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған «Ер Төстік» батырлар сайысы.
Сайыстың мақсаты – ұлттық тәрбиенің алтын діңгегі салт-дәстүр мен әдеп- ғұрыпты дәріптей отырып, балғын ұлдарымыздың бойына патриоттық сезім мен жауапкершілік, адамгершілік қасиеттерін сіңіру. Сайысымыз әдеттегідей 5 кезеңнен тұрды. Олар: өзін өзі таныстыру, өз өнерін көрсету, асық ату және бата жатқа оқу. Әр кезеңнің тақырыбы да өзекті. Асық ату ол тек ойын емес, ұлттық спорт. Ер баланы бірден бір шапшаңдылыққа, қырағылыққа, икемділілкке үйрететін талай ғасырдан бері өзектілігін жоғалтпаған ұлттық ойынымыз. Ал, соңғы бата айту кезеңіне келетін болсақ, қазіргі тал шыбықтай бүлдіршін ертеңгі абыз азамат, ел билейтін тұлға. Әр жас жігіт жас ерекшелігіне қарамастан бата білуі тиіс, себебі ол болашақ отбасының алтын діңгегі. Қазіргі балғын бала келешекте ақ батасымен ұрпағын тәрбиелейтін ұлы қария. Сайысқа 5 қатысушы қатысты. Барлығы да жоғары деңгейде дайындалып келді. Қатысушылар түрлі номинациялармен марапатталды.
Атап айтсақ, «Шымыр жігіт» номинациясы – Абай негізгі орта мектекбінен келген Қанатұлы Раянға берілді, «Мерген жігіт» номинациясы – Темірбек Азиз Жданов жалпы білім беретін мектебі, «Батыл жігіт» номинациясы – Нұрлан Нұрмұханбет №1 Заречный жалпы білім беретін мектебі, «Өнерпаз жігіт» номинациясы — Ержігіт Бексұлтан «Әдемі» бөбекжай – бақшасы және де бас жүлдені Айсары жалпы білім беретін мектебінен келген қатысушы Қуаныш Әзім Нұртайұлы иеленді. Әзім Нұртайұлының ұстаздары мен ата-анасы қазақы дәстүрмен өрілген ерекше сахналық көрініс қойып, көрермендердің шын ықыласына бөленді. Ең үздік костюм номинациясын Заречный ауылы «Әдемі» бөбекжай – балабақшасының тәрбиеленушісі Ержігіт Бексұлтан Бақытжанұлы еншіледі. Осындай тәрбиелік мәні зор сайыстар арқылы бүлдіршіндердің бойына ұлттық рух пен рухани құндылықтар сіңіріліп, болашақ азаматтардың саналы да сапалы өсіп – жетілуіне берік негіз қаланады.
Дана ҚАБИБОЛЛАҚЫЗЫ,
Қостанай аудандық орталық
балалар кітапханасының кітапханашысы