Торғайлық жас ақын Ниязбек Таңжарық тағы да туған өлкенің мерейін үстем етті. Ол кезекті рет Алматы облысының Райымбек ауданында көрнекті айтыскер ақын Оразалы Досбосыновтың құрметіне арналған «Құлманбеттің құлынын құндақтаған өлке» республикалық оқушылар айтысынан жүлделі оралды.
Айтыс жоғары деңгейде өткен.

Елдің әр өңірінен жиналған жас жүйріктер бақ сынаған бұл өнер додасында ел намысын қорғаған жас дүлділіміз жүлделі орын иеленді.
«Ұлттық өнерді ұлықтаған айтулы айтыс жас ақындардың шығармашылық қабілетін шыңдап, суырыпсалмалық өнердің өрісін кеңейтуге үлкен мүмкіндік берді. Таңжарықтың жетістігі – табанды ізденіс пен ұстаз тәлімінің, ұлттық мұраға деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі. Жас ақындарымыз алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, қазақ айтыс өнерінің көкжиегін кеңейте бергей», – дейді Жангелдин аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Жанар Асанханқызы.

Жерлес жас ақынымыз айтыста ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, 300 мың теңгенің сертификатын қанжығасына байлаған. Сонымен қатар, оның талабын ұштап, өнер жолында бағыт-бағдар беріп жүрген жетекшісі, әкесі, айтыскер ақын Байбатыр Ахметбекке ұйымдастырушылар атынан Алғыс хат берілген.
Мұрат Жүнісұлы
Жангелдин ауданы
