Гүлімнің алға қойған мақсаты өте көп. Сол үшін тынбай еңбек етіп жатқан көп балалы ананың басты арманы – балаларға арналған орталық ашу.
Ол жердегі кішкене бөбектердің ой-өрісін, тілін дамытатын ойындар, кітапшалар құрастырып, солармен әрі қарай жұмыс істеу. Осы тарапта көп балалы ана ретінде ойын жүзеге асыруға ауданнан көмек болып жатса, жақсы болар еді дейді жас ана. Қоғамға қажетті орталық ашылып жатса, барлық аналар қуанары анық.
Бүгінгі мақалама арқау болып отырған Гүлім Тәкібаева көп балалы отбасының ұйытқысы. Күміс алқа иегері. Жолдасы Руслан Жөкешбаев екеуі бес қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп отырған бақытты отбасы. Үлкені биыл 11-сыныпқа барса, кенже ұлдары бір жарым жаста. Отағасы Руслан Әділбекұлы «Даму Торғай» ЖШС-нің инженері. Гүлім Дүйсенбайқызы болса, Ш.Уәлиханов атындағы мектептің шағын орталығында тәрбиеші болып еңбек етеді. Одан бөлек шағын кәсібі бар. Мұғалім тәрбиешілерге көрнекіліктер, балаларға арнап түрлі қызықты ойындар мен қуанышқа арналған заманауи тойбастарлар жасаумен айналысады.
«Бала тәрбиесі, үй шаруаларынан бөлек шағын кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Бала күтімімен демалысқа шыққан уақыттан бері айналысып келемін. Екі жылдай болды. Табысым құдайға шүкір. Таныстар, туыстар, ауылдық жерлерден тапсырыс беріп жатыр. Алдағы уақытта осы ісімді ғимарат ашып кеңейтіп, кәсібімді ұлғайтқым келеді. Балаларым жұмысымның жүруіне көмек көрсетіп отырады. Тапсырыстарды берілген уақыттан ертерек дайындап беруге тырысамыз және сапасына мән береміз », – дейді күміс алқа иегері.
Торғайда осы секілді жиырма жеті күміс алқа, алты алтын алқа иелері бар. Салиқалы ұрпақ тәрбиелей отырып, үйдің де, түздің жұмысын қатар алып жүрген осы аналарымыз көпке үлгі.
Аягөз ФАЗЫЛБЕКҚЫЗЫ
Жанкелдин ауданы