Жас дәрігерлер кәсіби шеберлігін көрсетті

Жас дәрігерлер кәсіби шеберлігін көрсетті

Қостанайда жас медицина қызметкерлері арасында кәсіби шеберлік чемпионаты өтті. Байқауда жас мамандар теориялық білімін, тәжірибелік дағдыларын және шұғыл шешім қабылдау қабілетін сынады.

Іс-шараға денсаулық сақтау саласының ардагерлері, тәжірибелі дәрігерлер мен еңбек жолын енді бастаған жас қызметкерлер қатысты. Қонақтарды ұйымдастырушылар ұлттық дәстүрге сай қарсы алып, чемпионатқа ерекше атмосфера сыйлады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркебұлан Баязитовтың айтуынша, өңірде ProfiSkills және WorldSkills чемпионаттары алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

– Бұған дейін біздің студенттер мен жас мамандар республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып келді. Енді осындай чемпионатты өз өңірімізде өткізуді қолға алдық. Байқауға медициналық колледжді соңғы үш жыл ішінде тәмамдаған жас мамандар шақырылды. Жас қызметкерлердің қатары жыл сайын артып келеді. Сондықтан олардың кәсіби дамуына қолдау көрсету маңызды, – дейді Еркебұлан Баязитов.

Чемпионат WorldSkills және ProfiSkills бағыттары бойынша өтті. Облыстың аудандық ауруханалары мен қалалық медициналық ұйымдарының намысын қорғаған қатысушылар түрлі кезеңдерде өз шеберліктерін көрсетті. Олардың жұмысын тәжірибелі қазылар алқасы бағалады.

– Медициналық колледжді былтыр тәмамдадым. Осындай чемпионатқа алғаш рет қатысып отырмын. Маған тәлімгерлерім мен әріптестерім үлкен қолдау көрсетті. Бұл жарыс кәсіби тәжірибе жинауға жақсы мүмкіндік болды, – дейді қатысушы Гүлназ Қасымова.

blank

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай чемпионаттар алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізілмек. Олар жас мамандардың тәжірибелік дағдыларын жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Нұрдана ТАҒАЙМҰРАТОВА

ҚӨУ студенті