Жаркөлдегі жағдай: аудандық құтқарушылар жасағы көмекке келді

Жаркөлдегі жағдай: аудандық құтқарушылар жасағы көмекке келді

Жанкелдин ауданы Жаркөл (Тәуіш) ауылының маңында су деңгейі қайта көтеріліп, қауіп артып барады.

Осыған байланысты, тасқынға шұғыл тосқауыл қою жұмыстары қыза түскен.
Қоңыраулы, Теке өзендерінен толассыз келіп жатқан екпінді ағыс Тәуіш ауылы маңындағы «Қисыққарасу» су өткізу нысанынан ағып үлгермей, тұрғындардың жиектерді биіктеткеніне қарамастан, жолдың үстіне шығып кеткен.

Қарқын бәсеңдемесе, жолды тас-талқан етіп бұзып кетуі мүмкін.
Облыстық ТЖД хабарлауынша, бүгін сағат 8: 45-те аталған елді мекенде аудандық ТЖБ бригадасы іске кіріскен.

«28 маманнан құралған арнайы жасақ айналадағы елді мекендерді аман алып қалуға тырысады. Бұларға ЖАО-ның қосымша 7 адамы көмекке келді. Олар судың ауылға жайылуы мүмкін тұстарын құммен бөгейді. Техника әлі де жеткіліксіз. Жалғыз шынжыртабан трактор ғана жұмыс істеп жатыр», – делінеді хабарламада.

Дәл қазіргі дерек бойынша, айналасы 15 минуттың ішінде құм салынған елу қап төселген.

Жаңалықтармен бөлісу