Адамға көңіл қымбат. Әсіресе, қариялар үшін көңіл аса қажет. Осыны жақсы түсінетін қостанайлық кәсіпкер Талғат Омаров мереке сайын үлкен кісілердің басын қосып, құрмет көрсетіп тұрады.
Ерлі-зайыпты Талғат пен Айтгүл бұған дейін сауда-саттықпен айналысқан еді. Қазір кәсібінің аясы кеңейген. Қостанайда ресторан ашқанына жеті жыл болды. Оған «Алтын ғасыр» деген атау берді.
«Жұбайым Арқалықтан, өзім Әулиекөлденмін. Екеуміз Қостанайда танысқанбыз. 2000 жылдан бері осы қалада тұрып жатырмыз. Оған дейін Арқалықта тұрдық. Бизнесімізді қолға алып, құдайға шүкір, ілгерілеп келеміз. Үлкен ұлымыз Қазақ-британ университетінің түлегі, мұнай-газ саласында істейді. Екі немереміз бар. Кіші баламыз да аталған оқу орнында оқып жүр», – дейді Айтгүл Серікбайқызы өздері туралы аз-кем айтып беруін өтінгенімізде.
Кәсіпкер отбасы Жаңа жыл қарсаңында қарттарға дастарқан жайып, олардың батасын алды. Ізгі іске риза болған ардагерлер мейрамхана иелеріне газет беті арқылы алғыс айту үшін редакциямызға келіпті.
«Біз, «Элеваторный» ауданының зейнеткерлері, сондай-ақ орыс, казак және славян әндерін орындайтын «Казачья воля» ансамблінің мүшелері «Алтын ғасыр» мейрамханасында бірнеше іс-шара өткіздік. Жаңа жыл мерекесінде де ет асып, дастарқан жайды. Үлкен кісілерге ілтипат көрсетіп, ізгі қасиетін танытқан Талғат пен Айтгүлге алғысымыз шексіз», – дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Валентина Грызлова.
Қайырымды істі бойында адамгершілігі бар әр жан істей алады. Ал қарияларды қуанту – ол да бір бақыт.
«Бала сияқты ақкөңіл кісілер болады. Біз құрмет көрсеткен қариялар – сондай ашық жандар. Оларға азғантай жақсылық жасасаң, оны бәріне зорайтып айтып жүреді. Айналамызда жақсы адамдар көп, оларды көре білу керек», – дейді кәсіпкер ханым.
Үлкендердің ықыласына бөленген іскер отбасының ісі басқаларға да үлгі болуы керек. Жақсылық ешқашан жерде қалмайды.
Асыл ҚАСЫМ