Су тасқынынан зардап шеккен Жанкелдин ауданының тұрғындары үшін 41 үй бой көтергелі жатыр. Оның 22-сі Тәуіш ауылына, 19-ы Көлқамыс елді мекеніне салынбақ.
«Тəуіш ауылындағы 22 үйдің онын “БК Строй” ЖШС, жетеуін “РудныйСоколовСтрой”, бесуін “Ирина и К” салатын болды. “БК Строй” ЖШС – нің адамдары құрылыс алаңына келіп, материалдарын дайындап жатыр», – дейді әкімдіктен.
Ал Көлқамыс елді мекенінде 19 үйдің құрылысы жүргізіледі. 10 үйді «Алюминстрой» қолға алғанын бұдан бұрын хабарладық. 9 үй «ЭлитСтрой Дом» еншісінде.
Наурыз шебердің осы салада келе жатқанына бірнеше жыл болған. әріптесі Яссауимен Тәуіш ауылын түлетуге келген.
«Материалдарымыз сақадай сай. Амандық болса, жұмысты бастаймыз. Осы айдың ішінде құрылысты аяқтау қажет», – дейді Наурыз шебер.
Осы шаруаларға Қарабалық, Денисов ауданының өкілдері де көмек қолдарын созып жатыр.
“Денисов ауданының әкімі өзі осы жерде жүр. Ол кісілер құрлыс басындағы жұмысшыларды керек-жарақпен қамтамасыз етіп, үш мезгіл тамақтандырады. Тәуіш ауылындағы кафені күні бұрын жалға алды”, – дейді әкімдіктен.
Диқанбай ақсақалдың ақ батасымен құрылыс алаңында жұмыс басталды.
Шығынды есептейтін комиссия өкілдері бүгінге дейін Қостанай облысында 1131 үйді қарап шыққан. Олар 705 баспана тұруға жарамды, 426 үй мүлдем іске алғысыз деген қорытындыға келді.
Аманкелді және Жанкелдин аудандарындағы үйлердің құрылысы «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен салынып жатыр. Бір үйдің құны – 29 млн теңге.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА