Ауыл балаларының спортпен шұғылдануына жағдай жасау ісіне мемлекетпен қатар, жұртқа жанашыр қоғамдық қорлардың, жекелеген кәсіпкер азаматтардың әр жерде атсалысып жатқаны үрдіске айналды. Таяуда ғана шалғай Милісайда пайдалануға берілген жаңа спортзал да осындай ізгі ниеттен туған игі қадамның бірі.
С.Мәуленов атындағы мектептің жертөлесінен ашылған спортзалға қажет дүниелердің бәрін «Қазақстан халқына» жобасы аясында құрылған «Батыр боламын» қоғамдық қоры тарту етіп отыр. Мұндағы күрес кілемі, бокс қолғаптары, соққы техникасын қалыптастыратын құралдар, үстел теннисі, тоғызқұмалақ тәрізді спорт жабдықтарының жалпы құны 10 млн теңгеден асады.
Мектеп спорт залының ашылу рәсіміне Шилі ауылдық округінің әкімі Ербол Досмағанбетов, аталған қоғамдық қордың негізін қалаған Арман Уахап, қор президенті Ернұр Сәбікенұлы, ауыл ақсақалдары, білім саласының басшылары, ұстаздар мен оқушылар, ата-аналар қатысты.
Салтанатты іс-шара барысында Ербол Досмағанбетов демеушілерге ауыл тұрғындарының атынан рахмет айтып, қор басшыларына аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті.
«Шалғайдағы ауылға үлкен көмек көрсетіп, елдің ыстық ықыласына бөленіп жатырсыздар. Сіздерге рахмет! Ауыл балалары спортпен шұғылданып өсуі керек. Бүгін сіздердің демеулеріңізбен ашылып жатқан кең залда балалар бірнеше спорт түрімен айналысады. Мұнда енді бокс, күрес залдары, үстел теннисі, тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс істейін болады. Аядай ғана білім ордасының спорт залында шыныққан жас жеткіншектер келешекте үлкен жарыстарға қатысып, жоғары жетістіктерге жетіп жатса, сіздердің бүгінгі еңбектеріңіздің жанғаны, үміттеріңіздің ақталғаны сол болады деп ойлаймын», – деді әкім.
Ауыл тұрғындары қор өкілдеріне ат мінгізіп, құрмет көрсетті. Одан кейін іс-шара шағын спорт мерекесіне ұласты. Кілем үстінде палуандар белдесті. Білекті жігіттер қол тіресіп, кір көтерісіп күш сынасса, 8-10 сынып аралығында оқитын бозбалалар үстел теннисінен жарысты.
Жанкелдин ауданы