10 июня, 2025
Жанкелдин ауданында жаңа мектеп пайдалануға берілді

Жанкелдин ауданында жаңа мектеп пайдалануға берілді

Жағымды жаңалық! Жанкелдин ауданының«Көлқамыс» ауылында 60 орындық мектептің құрылысы аяқталып, елдің игілігіне берілді.

Жаңа білім ошағының ашылу салтанатына Қостанай облысы әкімінің оңтүстік өңірлер бойынша кеңесшісі Шота Оспанов, Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Манат Карбозов, Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Еренбол Алматовтар қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ауылдың негізін қалаушы, ел ағасы, Қостанай облысының құрметті азаматы Кәкімжан Карбозов ақсақал ел қамын ойлаған азаматтарға алғысын айтып, жас ұрпаққа батасын берді.

Айса Нұрманов атындағы негізгі орта мектептің жобалық қуаты 60 орынды құрайды. Мектеп құрылысына республикалық бюджеттен 883,2 миллион теңге қаражат бөлінген.

Тапсырыс беруші — «Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ.Мердігері —  «METALL-STROY.KZ» ЖШС.

Мектеп оқушыларының жалпы саны — 43.Мұғалімдер саны — 16. Мектепалды даярлық сыныптары, шағын орталық жұмыс істейді. Мектепте 23 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған.

Еске сала кетсек, бұл ауыл өткен жылы су тасқынынан қатты зардап шегіп, ауыл үйлері түгелдей дерлік жаңадан тұрғызылған болатын. Жаңа дәрігерлік пункт салынды. Енді міне, білім ошағы да тыңнан ту көтеріп отыр.

Мұрат Жүнісұлы

Жанкелдин ауданы