Қазіргі таңда тасқын қаупі солтүстік өңірлерге ауысып жатыр. Бүгін облыс орталығы мен Қостанай, Қарасу аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпке қарсы күрес тынымсыз жүруде.
Тасқын тарқай бастаған өңірлерде де көп жұмыс атқарылу үстінде.
Жанкелдин ауданында жағдай біршама тұрақталды деуге болады. Алайда қауіп әлі толық жойылған жоқ. Бұл туралы ол жақтағы штаб басшылары тұрғындарды құлақтандырды.
“Тасқын судан зардап шеккен елді мекендерге көмек көрсету жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Тәуіш, Ахмет Байтұрсынұлы ауылдарына арнайы тікұшақ қатынап, қажетті заттарды апарып берді. Дене шынықтыру және сауықтыру орталығы мен интернатқа орналасқан тұрғындарға еріктілер бір аптадан бері демеушілердің гуманитарлық көмектерін табыстауда”, – делінеді хабарламада.
Штаб өкілдерінің мәліметінше, “Біз біргеміз” ұйымы әкелген кеңсе тауарлары аудандық білім бөлімі арқылы тасқын судан зардап шеккен отбасылардың балаларына таратылады.