Жанкелдин ауданында мерекелік кеш жалғасын тауып жатыр Суреттерді түсірген автор

Жанкелдин ауданында мерекелік кеш жалғасын тауып жатыр

«Алғыс айту» күнінен бастау алған мәдени көпшілік іс-шара күннен күнге жалғасып, 8 наурыз – «Халықаралық әйелдер күні» мерекесімен сабақтасуда. «Торғай аруы – 2024» аудандық байқауы аяқталып, жеңімпаздар анықталды. «Ана тіршілік иесі» тақырыбындағы сыр-сұхбатта мекеме басқарып отырған басшы әйелдер қауымы дөңгелек үстел басында тағылымды әңгіме өрбітті.

Өмірдегі қызықты сәттерімен бөлісіп, жас аналарға ақыл-кеңестерін берді. Ал, күні кеше аудандық мәденеит үйінде «Құтты болсын анажан қуанышың» атты мерекелік кеш ақ жаулықты аналар мен қызғалдақтай құлпырған аруларға рухани демалыс сыйлады.

Талантты әнші, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Мирас Әбдікәрім сахна шымылдығын «Ана» әнімен ашып, қайырмасын хормен айтқан 80 оқушы халықтың алғысын арқалады.

Кештің көркін қыздырған өнерлі ер азаматтар «Ана» туралы әуезді әндерді көптеп шырқап, мазмұны мағыналы көркемсөздерді нақышына келтіріп оқыды.

«Халық» театрының әртісі Шыңғыс Садуақасов астарлы әзілімен көрермендерді күлкіге кенелтті.

«Бір аптадан асты. Аудандық мәдениет үйінен шықпайтын болдық. Күн сайын әсерлі кештердің куәсі болып жүрміз. Мен өзім зейнет жасындағы анамын. Үйде отырып шаршаймын. Үнемі аудан орталығындағы мерекелік кештерге барып, тамашалап келемін. Бұған дейін расы керек, мәдениет үйінде өтіп жатқан концерттерге көрермендер көп келмейтін. Саусақпен санарлық адамдар келгенде өнер иелерінің көңілдері пәс болатын. Ал енді қазір мәдениет үйіне барсаңыз, адамның көптігі сондай аяқ алып жүретін жер жоқ. Мерекелік кештерде де өзгешілік бар. Бұрынғы бір сарын арта қалған сияқты. Аналар мерекесіне орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі бүгінгі тамаша кеш. Өзім жақсы әсерде болдым. Көремендерде қол шапалақтап, білетін әндерін қосылып шырқап отырды. Мәдениет саласының ұжымына, өнелі ер азаматтарға айтар алғысым шексіз. Құрметтің бәрін анаға жасап жатқан өнер иелері еңбекте табысты әрі жемісті болсын», – дейді қарт ана Ғайни Ембергенова.

Алдағы демалыс күндері мерекелік кештермен жалғасып, өнер иелері өнер сүйер қауымның көңіл-күйін көтеретін болады. Одан кейін қазақтың жаңа жылы саналатын Әз-Наурыз мейрамы, «Ұлыстың ұлы күні» кең көлемде әрі қызықты болады деген үміттеміз.

 

                                                                   Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ

Жанкелдин ауданы

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу