Жанкелдин аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Шаңырақ күні» мерекесіне орай ақсақалдар арасында тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.
«Баталы елге бақ қонар» атты батагөйлер байқауына 5 үміткер қатысты. Байқаудың ережесіне сай, «Әдет-ғұрып – тәрбиенің бастауы» кезеңінде салт-дәстүр мен ырымға байланысты сұрақтар қойылды. Байқау қатысушылары екі сұрақтың біріне толық жауап беріп, екіншісі сұрақты ашып жеткізе алмай, сынға қалды. Осы орайда Торғай және Аралбай ауылының қатысушылары нақты жауап беріп, қазылар алқасының тарапынан жоғары балл алды. Екінші кезеңде «Баталы елге бақ қонар» тақырыбы бойынша әрбір үміткерге көрніске сай бата беру міндеті жүктелген. «Жас жұбайларға», «Жолаушыларға», «Бесік салар», «Асқа бата» сынды құндылықтарды дәріптеу болатын. Бірақ қатысушылардың көбісі дайындықсыз келген.Жаттап келген баталарынан жаңылысып, сахнада біраз қобалжыды.
Байқау соңында қазылар алқасы байқаушылардың тарапынан кеткен кемшіліктерді айтып, жүлдегерлерді марапаттады.
Аудан әкімінің орынбасары Еренбол Алматов аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.
«Көптен бері мәдениет саласының қызметкерлері жергілікті халыққа қалтқысыз қызмет жасап келеді. Еңбектері Алладан қайтсын. Барша ағайынды алда келе жатқан Наруыз мейрамымен аудан әкімшілігі мен аудандық мәслихаттың атынан құттықтаймын. Елімізге бақ-береке, мол ырыс-несібе тілеймін», – деді аудан әкімінің орынбасары.
Байқау қорытындысы бойынша, 1-орынды Торғай ауылының тұрғыны Серік Нүрпейісов жеңіп алды. 2-орынды аралбайлық Марат Тапалов иеленді. 3-орын торғайлық қария Кәдірбай Шоринге бұйырды. Қалған екі қатысушыға арнайы сыйлықтар табысталды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етіліп, иықтарына шапан жабылды.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ