Жаңбырдың кедергісі көп

Жаңбырдың кедергісі көп

Биыл облыста  егін орағы кешеуілдеуі мүмкін. Толассыз жауған жаңбырдан бидай піспей, өсімдік аурулары белең алған. Бүгінге дейін ауруға қарсы 820 мың гектар алқап химиялық өңдеуден өтті. Бірақ, оның да нәтижесі мардымсыз дейді мамандар.

Әдетте облыстың солтүстік өңірлерінде жылда осы уақытта жиын-терім  басталатын. Әзірге оған  үсті-үстіне жауған жаңбыр  мұрша бермей тұр. Алқап әлі жап-жасыл. Піспеген. Оның үстіне жапырақтары сарғайып, дәндерін тат баса бастаған. Бұл септориоз және тат ауруларының белгісі.  Мәселен, Ұзынкөл ауданындағы “Мирас” шаруа қожалығы бес мың гектарға дән сіңіреді. Шығымы жаман емес. Бір гектардан кемінде 15 центнерден өнім шығатын түрі бар.  Алайда,  шілде,тамыз айларында  жауған телегей-теңіз  жаңбыр жағдайды ушықтырып жіберді.  Ылғалдың молдығынан бидай пісіп үлгірген жоқ.  Оның үстіне өсімдік аурулары тарап кетті.

 – Егіндіктің шамалы бөлігін ғана уладық.  Биыл Үкімет шаруаларға “Кең дала” бағдарламасы арқылы 5% -пен несие беріп жатыр.  Қанша ақша  берсе де, оның қайтарымы бар.  Биылғы қарызымыз бастан асады.  Бидайдың шығымы жақсы болғанмен, қорқыныш жоқ емес. Оны жинап алу да мұңға айналатын түрі бар,-дейді “Мирас” шаруа қожалығының жетекшісі Болат Қарабаев.

Бұл,  өңірдегі біраз  шаруаның басындағы жағдай. Топырағы құнарлы, балл-бонитеті жоғары Ұзынкөл ауданында 315 700 гектарға дәнді-дақылдар себілген.  Соның 15-20%-ін өсімдік ауруы жайлаған.

Ұзынкөл ауданындағы  бидай алқабының 215 мың 300 гектары жақсы. Ауру шалған 37 мың гектар қанағаттанарлық күйде. Ол жерлерде улау жұмыстары жүргізілген. Ендігі міндет – шыққан өнімді шашау шығармай жинап алу. Ол енді ауа-райына байланысты. Қазірдің өзінде он шақты күнге кешеуілдеп жатыр. Мамандар бидайдың сапасы жылдағыдан төмен болады деп болжайды.

– Көп алқап әлі жап-жасыл күйінде тұр. Олар кеш пісуі мүмкін. Яғни, егінге орақ кешеуілдеп түсетін түрі бар. Сапасы да күмән тудырады.  Өйткені, мол  ылғал да,  өсімдік аурулары да  астықтың сапасына әсер етеді,- дейді  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Кенже Жұмандықов.

Мамандардың айтуынша, биыл облыс бойынша 4 миллион 900 мың тонна көлемінде астық жиналмақ. Әр гектардың шығымы орташа есеппен алғанда  11 центнерден айналуы мүмкін.  Бұл орташа көрсеткіш.

         Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу