Жаңару күнінде Тобыл қаласында тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілті табыс етілді

Жаңару күнінде Тобыл қаласында тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілті табыс етілді

Наурызнама онкүндігінің жаңару күнінде Тобыл қаласында тоқсан бір отбасы пәтерлі болды. Жаңа қоныс иелерінің қуанышын бөлісуге облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы  барды.

«Рамазан айы жақсы ойдың, жақсы тілектің, жақсы істердің айы. Бұл қуаныш осы Рамазан айында наурызбен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгін сол қуаныштарыңызды арнайы бөлісуге келіп отырмын. Қостанай ауданынында 91 отбасы өз пәтелеріне ие болды», – деді Құмар Ақсақалов құттықтауында.

Жәмила Досмаилова 2009 жылы ата-ана қамқорлығынсыз қалған жани ретінде кезекке тұрған. Пәтеріне енді қол жеткізген Жәмила бүгінде үш баланың анасы.

Бала күтімімен демалыста. Жолдасы Дархан Қостанайдағы «Халық банк» филалында жүргізуші болып жұмыс істейді.

«Бұған дейін Қостанайдан пәтер жалдап келдік. Әкімдіктегілер 15 жыл аралығында уәде беріп келген. Осы күнге бүгін жетіп отырмыз. Жан-жарым бұдан бірнеше жыл бұрын ата-ана қамқорлығынсыз қалған жан есебінде кезекке тіркелген екен», – дейді Дархан Досмаилов.

Осыдан жиырма бес жыл бұрын Ұзынкөл өңірінен  келген Жібек есімді әжей қызы Сәуленің үйлі болғанын көрді.

««Берді!» дегенде қуаныштың көз жасын тыя алмадым. Жиырма бес жыл анда-мында  көшіп-қонып жүру оңай емес. Осы жасқа келгенде бұл күнді де көретін күн бар екен», – дейді сексеннің сеңгіріне шыққан Жібек Нұрышева.

Бір бөлмелі пәтер иесі атанған Сәуле Жылқайдарованың қолында анасымен бірге бір баласы бар. Жиырма жылдан бері кезекте  тұрған ол құдайдың бұл бергеніне де шүкір деп отыр.

Пәтер кілтіне қол жеткізген жандардың бірі Сара Лобаның тағдыры тіпті аянышты.

Құрылыс колледжінде жеті жыл істеп зейнетке шыққан оның қолында 34 жастағы науқас баласы бар.

«Баласы Андрей 34 жастағы мүгедек. Жұмыс пен жалдамалы пәтердің ортасында шапқылаумен уақытымыз өтті. Содан таныстарымның айтуымен жиырма жасынан  кезекке қойдым. Міне, енді ғана төбеміз көкке жеткендей болып отыр», – дейді Сара Лоба.

Бұл қуанышқа кенелгендердің бір парасы ғана. Әлі де үй кезегіндегі жандар қаншама…

Қазақстанның Үкімет қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 тұжырымдамасын іске асыру шеңберіндегі  арнайы бағдарлама шеңберінде былтыр кезекте тұрғандарға 240 пәтер бөлінді.

Бұл жолы облыста 5000 пәтер салынса, әртүрлі категория бойынша 1000 пәтер қарастырылып отыр.

Қоныстойдың қуанышымен бөлісуге барғандар наурыз көжеден дәм татты.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Қостанай ауданы

 

Жаңалықтармен бөлісу