Қоғамдық көлікке салынған инвестиция – қала экономикасына салынған инвестиция. Рудныйда жолаушылар тасымалы саласын жаңғыртуға бағытталған кезекті жоба жүзеге аса бастады.
Мемлекеттік қолдау тетіктері мен тасымалдаушы кәсіпорындардың жауапкершілігінің арқасында қалаға алғашқы 13 жаңа автобус жеткізілді. Жыл соңына дейін олардың саны 37-ге жетіп, қоғамдық көлік паркінің жартысына жуығы толық жаңарады.
Бұл тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттырумен қатар, тасымалдаушы кәсіпорындардың шығынын азайтып, саланың экономикалық тұрақтылығын нығайтуға да ықпал етеді.
Таныстырылым барысында қала тұрғындарына Yutong маркалы жаңа автобустар көрсетілді. Заманауи талаптарға сай жабдықталған көліктер жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге арналған. Жаңа автобустарды қаладағы екі ірі тасымалдаушы кәсіпорын сатып алды. Атап айтқанда, «Транс Экспресс Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі автобус паркін 6 жаңа көлікпен толықтырса, «Рудный Автотранс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 7 автобус алды.
Жаңа автобустардың пайдалануға берілуі жолаушылар үшін жайлылықты арттырып қана қоймай, тасымалдаушы кәсіпорындардың жұмыс тиімділігін де көтермек. Техниканың ерекшеліктері мен алдағы жоспарлары туралы «Транс Экспресс Сервис» ЖШС директоры Жандос Нұржанов айтып берді.
«Бүгінгі күнге дейін кәсіпорынның автобус паркінде 24 автобус бар, ал күн сайын қалаішілік бағыттарға 19 автобус шығады. Соның 12-сі биыл жаңартылып отыр. Қазір бізге алты жаңа автобус жеткізілді. Тамыз айында тағы алты автобус келеді деп жоспарлап отырмыз. Осылайша жыл соңына дейін кәсіпорынның 12 автобусы толық жаңарады. Қалған автобустар да кезең-кезеңімен ауыстырылады. Біздің кәсіпорын тек Рудный қаласының қоғамдық көлік бағыттарына қызмет көрсетеді. Жаңа автобустар заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Олар Euro экологиялық стандартына сай жабдықталған. Салонда кондиционер, қыс мезгіліне арналған жылыту жүйесі орнатылған. Автобустардың ішін 360 градусқа түсіретін бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Сонымен қатар аялдамаларды автоматты түрде хабарлайтын дыбыстық жүйе қарастырылған. Мұның бәрі жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған», – дейді Жандос Нұржанов.
Жаңа техниканың тағы бір артықшылығы – алғашқы екі жыл бойы кепілдік қызметінде болады. Осы кезеңде автобустарға техникалық қызмет көрсетуді өндіруші компания өз мойнына алады. Барлық сервистік жұмыстар кепілдік аясында жүргізіледі. Бұл кәсіпорынның жөндеу шығындарын едәуір азайтады.
«Біз жүргізушілердің қызмет көрсету мәдениетіне де ерекше көңіл бөліп келеміз. Қазіргі таңда барлық жүргізуші бірыңғай киім үлгісіне көшкен. Олар ақ жейде мен қара түсті шалбар киеді. Бұл талап жаңа автобустарға ғана емес, бұрыннан қызмет көрсетіп келе жатқан көліктерде де сақталып келеді. Автобустарды күнделікті жуып, тазалап, уақытылы техникалық қызмет көрсетеміз. Соның нәтижесінде тұрғындар тарапынан айтарлықтай шағым түскен жоқ», – дейді ол.
Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко сайлауалды бағдарламасында қалаішілік қоғамдық көліктерді жаңғырту жұмысын қолға алатынын қадап көрсеткенін жеткізді.

«Үш жыл бойы ұмтылған мақсатымызға қол жеткізіп отырмыз. Қала әкімі қызметіне сайлау кезінде тұрғындар қоғамдық көлік паркін жаңартуды басты міндеттердің бірі ретінде жүктеген болатын. Сол кезде біз үш жыл ішінде автобус паркін кезең-кезеңімен жаңартамыз деп уәде берген едік. Бүгін сол уәденің нақты нәтижесін көріп отырмыз. Бұл оңай келген жоқ. Осы уақыт ішінде көптеген ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді, құжаттар әзірленді, қаржыландыру мәселелері шешілді. Заңнамадағы өзгерістерге байланысты кейбір рәсімдерді қайта қарауға тура келді. Түрлі қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, көздеген мақсатымызға жеттік. Ең алдымен, осы іске атсалысқан қаламыздағы жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындарға алғысымды білдіремін. Барлық қиындықтарға қарамастан олар үлкен жауапкершілікті өз мойнына алып, жаңа автобустарды лизинг арқылы сатып алуға бел буды. Өткен жылы қалаішілік маршруттарға әлеуметтік маңызы бар бағыт мәртебесі берілді. Соның нәтижесінде мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдаланып, автобус паркін жаңартуға мүмкіндік туды. Міне, алғашқы кезеңде қалаға 13 жаңа автобус жеткізілді. Тамыз айының соңына дейін тағы 24 автобус кезең-кезеңімен келеді. Осылайша, 1 қыркүйекке дейін тұрғындарға уәде еткен 37 жаңа автобус толық пайдалануға беріледі», – деді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.
Қала басшысы жұмыстың жүзеге асуына үлес қосқан тасымалдаушы компаниялардың ұжымдарына, бухгалтерлеріне, экономистеріне, техникалық мамандарына, сондай-ақ барлық серіктестерімізге шынайы ризашылығын білдірді. Автобус шығаратын зауыттың өкілдеріне, Өнеркәсіпті дамыту қорына және барлық ұйымдастыру жұмыстарына қолдау көрсеткен әріптестеріне алғысын жеткізді.

«Бүгінде қала көшелеріне күн сайын 74-76 автобус шығады. Соның 37-сінің жаңаруы – қоғамдық көлік паркінің жартысына жуығы толық жаңарды деген сөз. Дегенмен біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Биылғы кезең аяқталған соң, келесі жаңарту жұмыстарын қолға алуды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсат – қоғамдық көлік паркін толық жаңарту. Әрине, заманауи автобустардың құны жоғары. Сондықтан бұл жұмыс кәсіпорындардың экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Соған қарамастан тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қоғамдық көлікпен жүруіне барлық жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Жаңа автобустар қаламыздың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті қатынауын әлдеқайда қолайлы етеді деп сенемін», – деді қала әкімі.
Екінші тасымалдаушы «Рудный Автотранс» ЖШС өңірлік директоры Болат Жамашов автобустардың қай бағыттарға шығатыны және олардың артықшылықтары туралы айтып берді. Бұл мердігер ұйым жеті қоғамдық көлік алып отыр.

«Кәсіпорнымыз Рудный қаласындағы №10 бағытқа қызмет көрсетеді. Бұл бағытқа күн сайын 12 автобус шығады. Облыс әкімдігі мен Рудный қаласы әкімдігінің қолдауының арқасында моноқалаларды қолдау бағдарламасы бойынша Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы жылдық 0,1 пайыздық мөлшерлемемен автобустарды жеті жыл мерзімге лизингке алдық. Оның барлығы №10 бағытта жолаушыларға қызмет көрсетеді. Yutong маркалы автобустарды таңдадық. Бұл – Қазақстанда құрастырылатын техника. Автобустардың тораптық құрастырылуы Қарағанды облысының Саран қаласындағы зауытта жүзеге асырылады. Бүгінде Yutong автобустары еліміздегі ең үздік қоғамдық көліктердің бірі саналады. Біз басқа қалалардың тәжірибесін зерттеп, осы марканы таңдадық», – дейді ол.
Қаланың көше инфрақұрылымын ескере отырып, ең оңтайлы үлгіні таңдаған. Қазіргі таңда субсидиялау мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Бұған дейін белгілі бір қиындықтар болғанымен, қала әкімдігінің қолдауының арқасында олар реттеліп жатқанын жеткізді.
«Жаңа автобустардың іске қосылуына байланысты №10 маршрутпен жасалған келісімшарттың мерзімі тағы 10 жылға ұзартылып, тарифтік саясат қайта қаралады. Сондықтан алдағы уақытта субсидиялау мәселесі толық шешімін табады деп сенеміз. Осы аптада Өнеркәсіпті дамыту қорымен және автобус өндіруші зауытпен қабылдау-тапсыру рәсімдерін толық аяқтаймыз. Одан кейін автобустар мемлекеттік тіркеуден өтіп, мемлекеттік нөмірлерін алған соң бірден қала көшелеріне шығады. №10 бағыттағы автобус паркі толық жаңарғаннан кейін бұрын пайдаланылған автобустар маусымдық №17 және №18 саяжай бағыттарына беріледі. Бұл жаз мезгілінде саяжай тұрғындарына қызмет көрсетуді жақсартуға мүмкіндік береді. Жаңа автобустар қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді. Тіпті жүргізушінің іс-әрекетін бақылау үшін газ және тежегіш педальдары да камера бақылауында болады. Бұл жол-көлік оқиғасы болған жағдайда барлық жағдайды жан-жақты саралауға жол ашады. Жүргізушілерге арнайы қайта даярлау курстары қажет емес. Олардың барлығы – тәжірибелі мамандар. Керісінше, жаңа автобустарды басқару бұрынғы көліктерге қарағанда әлдеқайда жеңіл әрі ыңғайлы», – деді Болат Жамашов.
Сондай-ақ қоғамдық көлікте жолақы төлеу жүйесін жетілдіру мәселесі де назардан тыс қалмайды. Қала басшылығы қоғамдық көлікке алдыңғы есіктен кіргенде бірден төлем жасап, артқы есіктен шығып кету үлгісін қолдайтынын жеткізді. Бұл әдіс жолаушыларға қолайлы екенін әрі автобустардың аялдамаларда ұзақ бөгелмеуіне оң ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар жол жүру ақысына өзгеріс енгізу мәселесі қаралап жатқан жоқ.

Кеншілер қаласында жол ақысы егер картамен төлесе – 100 теңге, қолма қол – 150 теңге. Ал зейнеткерлерге картамен – 90 теңге, қолма қол – 100 теңге. Балалар болса картамен 50 теңгеге, ал қолма қол 75 теңгеге қатынайды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
