Арқалық жұртшылығы биыл жөндеуден өткен орталық «Наурыз» алаңында Жаңа жылдық мұз қалашығының ашылу салтанатын тамашалады.
Жаңа реңкке енген дала сахнасындағы «Төрлет, Жаңа жыл!» атты Жаңа жылдық көріністе ертегі кейіпкерлері қызықты думан көрігін қыздырып, көпшіліктің қошемет-ықыласымен Аяз ата мен Ақшақар ортаға келді.
Жиналған халықты жыл сайынғы мерекелік дәстүр – қаланың Жаңа жылдық бас шыршасының ашылуыменқала әкімі Әмірхан Асанов құттықтады.
«Жаңа жыл – өткен жылға баға беріп, жаңа бастамалар мен ізденістерге тың қадам жасайтын мереке. Өтіп бара жатқан 2024 жыл біздің қаламыз үшін де нәтижелі жетістіктерге, маңызды шараларға толы жыл болды. Халық үшін өте маңызды жылу жүйесі жаңартылып, қала тұрғындарының көп жылдан бергі мәселесі шешімін тапты. Қала және ауылдар жолдарына асфальт төсеу және көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға арналған «Тұмар» тұрғын үй кешенінің 50 пәтерлі үй бой түзеп, ресми түрде қолданысқа берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірлеген жаңа білім ордасының салтанатты ашылуы өткізілді. Қала және қаламызға қарасты шағын аудандар мен ауылдарда спорттық алаңдар мен балалардың ойын алаңдары көптеп орнатылды. Осы сияқты қаламызды көркейту және тұрғындарымыздың әлеуметтік тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша ауқымды қоғамдық маңызы бар жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Біркенұлы.
Алаңда қала мекемелерімен ұжымдарының күшімен жыл он екі ай кейіпкерлерінің мұз мүсіндері сомдалған.
Шыршаны айналдыра сан сәулелі жарықшамдармен түрлі безендіру кейіптері орнатылған. Қатар орналасқан қос сырғанақ та балалардың шат-шадыман кейпіне толы.
Мұз қалашығының ашылу кешінде мерекеге жиналған қауым Жаңа жыл кейіпкерлерімен бірге шыршаны айналып би биледі. Мерекелік іс-шара одан әрі жастардың сауық-би кешіне ұласты.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы