Облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының ұйымдастыруымен өңірімізде көптеген іс-шаралар өтеді. Ол жөнінде орталықтың көркемдік жетекшісі Бағдат Оспанов жан-жақты сараптап, әңгімелеп берген еді.
Халықаралық байқаулардың
орны бөлек
Жыл сайын орталық қызметкерлері түрлі деңгейдегі іс-шараларды жоғары дәрежеде ұйымдастырады. Бар болғаны бір-екі сағатта өте шығатын мерекенің артында қаншама адамның еңбегі тұр.
Мәдениет саласының қызметкерлері халыққа тамаша көңіл күй сыйлап, өздері сол елдің алғысын алғанға риза болатын халық. Биыл халықаралық деңгейде «Алтын микрофон» әншілер байқауы дәстүрлі түрде өңірімізде 20-шы рет шымылдығын түрді. Бұл қуантарлық жағдай, себебі өзге елдің әншілері де байқауды бақылап, бақылап қана қоймай келіп, өз бақтарын да сынады. Аталмыш халықаралық байқауға 7 жас пен 23 жас аралығындағы 150-ден астам қатысушы өтінім білдірсе, оның тең жартысы ғана байқауға қатысуға жолдама алды. Алыс-жақын шет елдерден, яғни Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Болгариядан да өнерпаздар келді. Облыстық іріктеу кезеңінен өткен жерлестеріміз Ясмин Аюпова, Таубалды Нұржайна және өзге де талантты жастар өңірдің намысын қорғады. Байқау жеңімпазы қызылордалық Қымбат Жамбылбек атанып, бас бәйгеге тігілген 700 мың теңгені қанжығалады.
“Халықаралық фестивальдің бірі – «Наурыз достарын шақырады» хореография өнер фестивалі. Ол да дәстүрлі түрде төртінші мәрте ұйымдастырылып келеді. Фестивальге 10 би ұжымы қатысты. Екі күнге созылған би өнеріне Татарстан, Башқұртстан, Қырғызстан, Өзбекстан және еліміздің өзге өңірлері де қатысты. Халықаралық деңгейдегі байқаулар, фестивальдер өңіріміздің мәдениетінің дамуына айтарлықтай әсерін беретіні белгілі. Қатысшылар тәжірибе алмасып, өңірдің аты шығады. Осындай деңгейі жоғары байқаулар арқылы өңір өнерпаздары өзге елде өтетін байқауларда топ жарып жатса, ол да біздің қосқан үлесіміз деп есептер едік”, – дейді Б. Оспанов.
Туған жердің өрендері
Бұдан бөлек биыл ҚазССР-нің Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Композиторлар Одағаның мүшесі, әнші-композитор Қалибек Деріпсалдиннің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында республикалық «Көктем-қыздар» атты әншілер байқауы да жоғары деңгейде өтті деп ауыз толтырып айтуға болады. Додаға барлығы 12 әнші қатысып өз бақтарын сынады. Бұл байқаудың ерекшелігі 1-кезеңде оркестрдің сүйемелдеуімен автордың бір әнін және Тобыл-Торғай композиторларының бір әнін орындаса, келесі күні эстрадалық әнге кезек берілді. Қазылар алқасының шешімімен байқау жеңімпазы ақтөбелік Әкімжан Шәкіров атанды. Өңіріміздің қатысушыларынан Тасқын, Фариза Жоламановтар отбасылық дуэті 1 орынға ие болса, Мәулен Кәдіров 3 орынды қанағат тұтты.
Халық шығармашылығын дамыту мақсатында көптеген іс-шаралар өтті, соның бірегейі Нұржан Наушабайұлы атындағы «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен…» республикалық жыр-терме, дәстүрлі ән орындаушылардың байқауы. Ол биыл фестиваль ретінде өтті. Наушабайдың Нұржаны – тұтас ұлт болып мақтан етуге лайық тұлғалардың бірі, атақты ақын, әйгілі әнші, дәулескер күйші, таңды таңға жалғаған жыршы, айтыста алдына жан салмаған сүлей, жамбасы жерге тимеген палуан, жүйрік мініп, құс салған саятшы – бір сөзбен айтқанда, нағыз дарын иесі болған. «Ұйықтама, оян, Алашым!» деп ұлтына ұран тастаған шайырдың шоң шығармалары, сом туындылары, діни-ағартушылық бағыттағы өр рухты, терең мазмұнды өлең-жырлары, шын мәнінде, қазақ халқының сарқылмас қазынасы. Ендеше, тақтақ ақынның, атпал дарынның асыл мұрасын насихат етіп отыру – ұрпақтың айнымас борышы. Фестиваль белгілі жырау, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Алмасбек Алматовтың модераторлығымен өтті. Бұл фестивальге барлығы 10 өнерпаз қатысты. Фестиваль талаптарына байланысты өнерпаз Нұржан Наушабайұлының 1 әнін немесе термесін және өз өңір мектебінің 1 әнін орындауы тиіс болды.
“Бәріңізге мәлім биыл Амангелді батырдың туғанына 150 жыл. Осы айтулы датада Амангелді ауданында республикалық деңгейде көптеген мәдени және спорттық іс-шаралар өтті. Іс-шаралардың ішіндегі ең ауқымдыларының бірі – «Ардагер Амангелді – ердің ері» тақырыбында ақындардың сөз сайысы айтысы. Екі күнге созылған сөз бәйгесі Амангелдідегі орталық стадионды халыққа толтырды. Айтыс көруге келген адам көп болды. Республикалық айтысқа қатысу үшін маусым айында Жітіқара ауданында Ақсұлу Орысбайқызының 150 жылдығына арналған «Айтыстың Ақсұлуы…» атты облыстық айтыстан 6 ақын іріктелген болатын. Солар жолдама алды. Ал сөз додасына барлығы 14 ақын қатысты. Бас бәйгені шымкенттік Нұрлан Есенқұлов жеңіп, темір тұлпар тізгіндесе, 1 орынды жерлесіміз Батырлан Сағынтаев еншіледі”, – дейді орталықтың көркемдік жетекшісі. – “Елге сүбелі сөз қалдырған жазушы, сатирик Сейіт Кенжеахметұлының құрметіне «Мірдің оғы» атты республикалық әзіл-сықақ театрларының байқау-фестивалін де ұйымдастырдық. Бұл байқауға 12 театр қатысты. Бас бәйгені Түркістан облысының «Күлкі терапиясы» әзіл-сықақ театры жеңіп алды. Бұл байқауда өңіріміздің атынан Б.Майлин ауданының халық театры 3 орынды қанжығалады. Жалпы әзіл-сықақ театрларының байқауы немесе фестивалі біздің өңірде ғана тұрақты түрде жыл сайын өтеді. Бұндағы негізгі мақсат –қазақы қалжыңды, жалпы сатира жанрын өшірмей, оны жандандыру, халыққа Сейіт атамыздың әзіл әңгімелері арқылы жүздеріне күлкі сыйлау. Бұл мақсат орындалды деп ойлаймын”.
Әр өңірдің ерекшелігі бар
Бәріне мәлім біз аудандармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Аудандар мен қалалардың шығармашылықтарын шыңдау мақсатында көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы байқау-фестивалі дәстүрлі түрде сәуір-мамыр айларында өтіп тұрады. Байқау-фестивальдің шарты 17 концерттік нөмір әзірлеу қажет. Көп жанрлығы бөлек бағаланды. Байқауда үш жыл қатарынан Федоров ауданы басқалардан басым түсіп тұр. Бұл тұста, әрине, аудан басшылығының мәдениет саласына деген көзқарасы, оның дамуына үлес қосқаны көрініп-ақ тұр. Жалпы жыл басынан бастап осы байқау алдында сахна жүргізушілеріне, хореографтарға, әншілерге, домбыра, шертер, жетіген, тағы басқа аспаптарға арналған шеберлік сағаттары өтті. Шеберліктерін шыңдаған өнерпаздардың деңгейі көрініп тұрады. Өйткені шеберлік сағатты бір рет қана емес бірнеше рет өтті. Ұлттық домбыра қарсаңында да бірде екі іс-шарада бас қосты.
Олар «Күмбірле, қоңыр домбыра» атты облыстық домбырашылар байқауы мен «Ғасырлар пернесі» ұлт-аспаптар ансамбльдерінің облыстық фестивалі. Домбырашылар байқауына барлығы 15 домбырашы қатысса, Алтынсарин ауданында өткен фестивальге 5 ұжым қатысты.
“Жас ақындарға арналған республикалық айтыстар көбейіп келе жатыр. Десек те 30 жылдық тарихы бар «Жас тұлпар» облыстық оқушылар айтысының орны бөлек. Биыл жас ақындардың жеңімпазы арқалықтық Нұрислам Рағатов республикалық 3 айтыста да топ жарды, бұл біз үшін үлкен мақтаныш, болашағымыз деп қуанып отырамыз. Әрине, Нұрисламның әр жеңісі, әр жүлдесі ұстазы боп баптап жүрген өзінің туған ағасы Айбар Рағатовтың жемісі”, – дейді Б. Оспанов.
Жазда, ашық аспан астында «Dala Fest» көркемөнерпаздар ұжымдары мен орындаушыларының шығармашылық марафоны өтті. Марафон қала күніне тұспа-тұс келді. Қала күніне тарту ретінде Рудный қаласы мен Федоров, Қостанай аудандары концерттік бағдарламаларымен қалалықтарға мерекелік керемет кеш сыйлады.
Жалпы жоғарыда айтқандай біз аудандармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз, бұған дейін Рудный қаласында «Тобыл сазы» қостанайлық композиторларының әндерін орындаушылардың байқауы өтсе, Федоров ауданында «Кавер Қостанай» кавер орындаушылардың облыстық байқауы өтті. Лисаков қаласында «Сахналық жекпе-жек» әншілер байқауы, Сарыкөл ауданымен бірлесіп «Өнер арланы» қазақ күресінен облыстық турнир болды. Бұдан бөлек шеберлік сағаттары Лисаков қаласы, Қарасу, Федоров, Қостанай тағы басқа аудандарда ұйымдастырылып жатады.
“Жыл соңында қорытынды ретінде «Тобыл-Торғай таланттары» атты іс-шараны өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұнда биыл үздік атанған ұжымдар мен жеке орындаушылар марапатталатын болады. Алдағы 2024 жылға деген тың жобаларымыз өте көп. Бұл, әрине, өңір мәдениетінің басшысы Құралбек Бүркітбайұлының бастамасымен жүзеге аспақ. Жаңа жобаларымыз арқылы жаңа есімдер, жақсы жұмыстар көреміз деп ойлаймын”, – деп өз сөзін қорытындылады Б. Оспанов.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА