Федоров ауданында өткен жылы ауданда пилоттық жоба қолға алынды. Ауылдық елді мекендерде алғаш рет «Отбасы Банк» АҚ-мен бірлескен жоба шеңберінде 24 пәтерлік үйдің құрылысы аяқталды.
Красноармейская көшесінің бойында салынған үш қабатты жаңа үйде бір бөлмелі 6 пәтер, екі бөлмелі 12 пәтер және үш бөлмелі 6 пәтер бар.
“Алдын ала есептеулер бойынша бір бөлмелі пәтердің орташа құны 7 млн теңге шамасында. Яғни, үйге мұқтаж жандар сыйақы мөлшерлемесінің % -не және несиелеу мерзіміне байланысты ай сайын 55 мың теңге төлейді. Екі бөлмелі пәтер алғысы келетіндер 9 млн теңге төлейді. Оны әр айға шаққанда 70 мың теңгеден айналады. Ал үш бөлмелі пәтердің бағасы шамамен 11 млн.теңгеден басталады. Мұның ай сайынғы төлем 86 мың теңге. «Отбасы банк» АҚ-ның пәтерлерді сату бағасы жергілікті атқарушы органдардың арасында кезекте тұрғандар үшін 1 м2-ді 180 000 теңгеден келеді. Оның жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2% -тен аспайды. Демек, баспаналы болғысы келетіндер алдын ала немесе аралық тұрғын үй қарыздарын өтеу жолымен кредиттік тұрғын үйді сатып алуына әбден болады. Сондай-ақ, алдын ала немесе аралық тұрғын үй қарыздарын беру жолымен жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5%-тен аспайтын кредиттік тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігі бар”, – дейді Федоров ауданы әкімінің орынбасары Карина Мұратова.
Оның айтуынша, 27 желтоқсан мен 13 қаңтар аралығында сағ 10.00-ден түнгі 23.00-ге дейін пәтерлерді брондау ашық. Үй алуға қатысушылар брондау кезеңі аяқталған күннен бастап бес жұмыс күн ішінде анықталады. Яғни, қатысушыларды іріктеу есепке қоюкүніне қарай жүзеге асырылады. Егер үміткерлердің өтініші бір күнге сәйкес келген жағдайда үйге өтініш беру күніменуақыты қаперге алынады.
Айта кету керек, ауылдық жерлерге мамандарды тартуға бағытталған мемлекеттік қолдаудың арқасында тұрғын үй алаңының құны облыс орталығына қарағанда кемінде 200 мың теңгеге төмен. Сондықтан, жергілікті атқарушы билік жайлы және қолжетімді, несиелік тұрғын үй сатып алғысы келетін білікті мамандарды Федоров ауданына шақырады.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Федоров ауданы