Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін реттеуге қатысты наурыз айында жаңа заң қабылданған болатын. Осы мақсатта Экономикалық тергеу департаменті ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабының нормаларын түсіндіру үшін бизнес өкілдерімен кездесті.
Аталған заң күшіне енгенге дейін мемлекет белгілінген шектеулер бұзылған кезде, кәсіпкерлерге ескерту түрінде жаза қолданып келген. Яғни, айыппұл салынбай, бірақ мұндай әрекеттерге жол бермеу туралы ресми хабарламамен шектелетін еді. Енді жаңа заң бойынша әлеуметтік азық-түлік бағасын шекті бағадан асырып сатқандарға бірден айыппұл салыналды.
«Өткен жылы сауда және тұтынушы құқығын қорғау департаментіне 30 іс жіберілді. Оның 27-сі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 204-4-бабы 1-бөлігі бойынша ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Үш жеткізушіге «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 204-4-бабы 2-бөлігі бойынша айыппұл салынды. Олардың бидай ұны бойынша сауда үстемесін 20%-ға, түйіршіктелген қантқа 26 пайыз, айран бағасына 31 пайыз қосып сатқаны анықталды. Бірінші кезектегі азық-түлік бағасының тұрақсыздығы жағдайында және кәсіпкерлердің әлеуметтік талаптарды сақтағаны үшін жауапкершілігін арттыру мақсатында мемлекет қатаң реттеу шараларын қабылдады», – деді Экономикалық тергеу департаментінің өкілі Қайрат Жапаев.
Заңның жаңартылған редакциясына сәйкес, енді рұқсат етілген шектен асырған жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілері 5 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілері 35 АЕК және ірі кәсіпкерлер 150 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады.
«Бұл өзгерістер халықтың барлық топтары үшін ӘМАТ қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Айыппұл санкцияларын енгізу бағаның негізсіз көтерілу деңгейін төмендетіп, ішкі азық-түлік нарығындағы жағдайды тұрақтандыруы керек. Сондай-ақ бұл жосықсыз кәсіпкерлер тарапынан бағаны жасанды түрде көтеруді, кәсіпкерлік субъектілері арасындағы адал бәсекелестікке жағдай жасайды», – деді ол.
Айта кету керек, ӘМАТ тізбесін уәкілетті мемлекеттік органдар бекітеді. Нарықтық жағдайға және тұтыну деңгейіне байланысты өзгеруі мүмкін. Кәсіпкерлер өзекті тізімді үнемі қадағалап, сондай-ақ тиісті нормативтік актілерде белгіленген сауда үстемесінің шекті мәндерін нақты сақтауы қажет.
«Қостанай облысы Экономикалық тергеу департаменті кәсіпкерлік қоғамдастыққа өз қолдауын әркез білдіреді. Біздің негізгі міндетіміз – жаза емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық ақпараттандыруға жәрдемдесу. Өзгермелі нарықтық жағдайында кәсіпкерлер бірқатар қиындықтарға тап болатынын түсінеміз, әсіресе, ӘМАТ тауарларымен сауда саласында. Сондықтан біздің жұмысымыз, ең алдымен, санкцияларды қолдануға емес, заңнаманың жаңа талаптарын түсіндіруге бағытталған», – деді Қайрат Жапаев.
Осылайша, осы жылдың 13 наурызында күшіне енген заң жобасы мемлекеттік баға әділдігін және адал кәсіпкерліктің, сондай-ақ тұтынушылардың да мүддесін қорғайды. Ал сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілі Әсем Нұрғалидің сөзінше, сауда саласына жүргізілген бақылау шаралары өз нәтижесін беруде. Департамент өткен және осы жылы ішкі саудада бірқатар заңбұзушылықты анықтап, әкімшілік шаралар қолданған.
«2024 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-дан асырғаны үшін 244 сауда нысаны тексерілді. Оның ішінде 214 саудагер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 4-іне жалпы 452,7 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Тағы 10 кәсіпкерге тұтынушылардың шағымдары негізінде қосымша 162,4 мың теңге айыппұл төлеу міндеттелді», – дейді Әсем Нұрғали.
Ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан 22 сәуірге дейін жүргізілген 46 тексеру қорытындысында 41 субъект жазаланған. Олардың біріне ғана айыппұл салынса, қалғандары ескерту алған. Сонымен қатар, сөреде баға белгісінің болмауы және әртүрлі баға қолдану деректері үшін тағы 463,9 мың теңгеге айыппұл салынған.
Департамент өкілінің айтуынша, қатаң бақылау шаралары арқылы бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын төмендету мүмкін болған. Нәтижесінде, картоп құнын 350 теңгеден 287 теңгеге дейін, қан бағасын 500 теңгеден 425 теңгеге дейін, күнбағыс майын 1040 теңгедең, 977 теңгеге дейін, күрішті 610 теңгеден 425 теңгеге дейі және сәбізді 300 теңгеден 103 теңгеге дейін төмендеткен.
«Мысалы, Қостанай қаласындағы «Б маркет» дүкенінде сөре мен чектегі бағаның сәйкес келмеуі анықталып, кәсіпкер 393 200 теңге айыппұл төледі. Тағы бір жағдай жеке тұлғаның өтініші бойынша «К» кәсіпкерге 11 077 теңге айыппұл салынды. Яғни, кәсіпкер көкөністерге баға белгілеуін қоймаған», – дейді Әсем Нұрғали.
Департамент өкілі облыс көлемінде сөрелерде баға белгілерінің болмау дерегі көптеп кездесетінін айтады. Әсіресе үйлерінің жаңынан ашылған дүкендерде. Департамент түсіндіру жұмыстарын жалғастыра бермек. Жаңа заң бойынша кәсіпкер бір рет айыппұл алып және бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанса айыппұл көлемі екі есе артады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – автор