Елімізде жан-жақты саяси жаңғыру процесі жүріп жатыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халқымыздың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келетіндігін “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында жазған еді. Осылайша “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырамдамасы және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі осы сұранысқа тікелей жауап деп нақтылады. Сондай-ақ, осы бастамалар азаматтық қоғамды дамытуға негіз болатынын жеткізді. Атқарылып жатқан жұмыстар елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттың жемісі деп нақтылады.
Төрт топтама бағытында саяси реформа қабылданды. Бұл қабылданған топтамалар легі экономикалық және жергілікті мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгеріспен, мемлекеттің қызметтер көрсету саласындағы цифрландыру үдерісімен тығыз байланысты. Айталық, жергілікті мемлекеттік басқару саласындағы реформаны алсақ, 2018 жылдан бастап 2 мыңнан астам тұрғыны бар 1055 ауылдық округте дербес бюджет немесе төртінші деңгейлі бюджет енгізілді. 2020 жылы бұл тәжірибе барлық ауылдық округте қолданыла бастады. Осылайша ауылдар салықтық және салықтық емес қосымша жаңа түсімдерге қол жеткізді. Нәтижесінде ауыл тұрғындары бюджет қаржысының жұмсалу барысын қадағалаудың жаңа құралына ие болды.
Қостанай облысына жұмыс барысымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Еркін Әбілден саяси өзгерістердің, жергілікті мемлекеттік басқаруға қатысты ойын білген едік. Бұл туралы газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.