Жаңа оқу жылында бірнеше мектеп ел игілігіне қайта беріледі

Жаңа оқу жылында бірнеше мектеп ел игілігіне қайта беріледі

Биыл Арқалық қаласында білім ошақтарын жөндеу жұмыстары  қарқынды қолға алынды.

Атап айтқанда қаланың «Дачный» кентіндегі №8 мектептің жұмсақ жабыны шатырға ауыстырылды. Электр желілері толық жаңғыртылды. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

А.Байтұрсынов атындағы бастауыш гимназияның терезелері ауыстырылды. Есігінің алдына сырмақтас төселіп, кіреберіс алаңы, артқы саты алаңы жөндеуден өтті.

Өрт қауіпсіздігі бойынша жылда айыппұл салынатын мектептің іші кеңейтіліп, отқа жанғыш материалдар толығымен алынып тасталды.

«Үштөбе» ауылындағы Сарыөзен мектебінде спорт залы жөнделіп, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді, ауыл мектептерінен «Қайыңды», «Ақбұлақ», «Аңғар» мектептерінің жұмсақ төбе жабындылары жаңартылды.

Т. Әубәкіров пен Аңғар мектептерінің терезелері жартылай ауыстырылып, қаладағы Б.Байқадамов атындағы музыка мектебінің жұмсақ төбе жабындысы шатырға алмастырылды. Енді, ішкі жөндеу жұмыстары қарастырылып жатыр. Акт залына смета дайындалуда.

Ал, Ы.Алтынсарин атындағы гимназияда тендрді Құздыбаев жеке кәсіпкерлігі ұтып алып, жылу жүйелілерін жаңарту үстінде. Мектептің сырты темір шарбақпен қоршалды.

«Бұл азаматтар былтыр қаладағы кіші гимназияның жылу жүйесін жаңғыртқан болатын. Жақсы, сапалы істеді. Биыл үлкен гимназияның №1-2 корпустары қыста салқын болғасын жылу жүйесін жөндейміз деп шештік. Мердігерлер жұмысты уақытылы аяқтап береміз деп отыр. Жөндеуден кейін бұл мектеп те жылы болады деген үміттеміз», – қалалық білім бөлімінің басшысы Есламбек Мәметеков.

Мектептердің қысқа дайындық шаралары да уақытылы қарастырылып, қажетті отындары кесте бойынша жеткізілуде. «Целинный», «Жалғызтал» ауылдары мектептерінің жылу қазандықтары сыртқа шығарылды.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу