Жаңа оқу жылына сақадай сай

Жаңа оқу жылына сақадай сай

Облыстық білім басқармасы және Қостанай облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері бірқатар мектепті аралап, жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысты. Атап айтқанда, Федоров ауданындағы Пешков жалпы білім беретін мектебінде, Қарабалық ауданындағы Станционный жалпы білім беретін мектебінің жаңа оқу жылына дайындығын көрді.
Алғашқы барған нысан – Федоров ауданыдағы Пешков жалпы білім беретін мектебі. Мұнда елу жылдан артық уақыт күрделі жөндеу көрмеген ғимараттың іші-сырты жаңарып, әр сынып толық жабдықталып, балаларға жайлы жағдай жасалған.

–Пешков жалпы білім беретін мектебінің іргетасы  1970 жылы қаланған. Содан бері тек ғана жеңіл-желпі жөндеу жүргізіліп келген. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 623 миллион теңге бөлінді. Мектебіміз жаңарып, түрленіп шыға келді. Коммуникациясы жаңарды, су құрылғылары, электр желілері түгелдей ауыстырылды. Мектептің сыртқы беті жаңарды. Сондай-ақ, оған дейін жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен шатыры ауыстырылды, интернаттың қасбеті, «Алена» балабақшасы жөнделді. Оған 100 млн қаржы жұмсалды. Тамыз айында аяқталған жөндеуден кейін жергілікті ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер 8 млнға жуық қаражат бөліп, мектептің жан-жағын абаттандырды, – дейді Пешков жалпы білім беретін мектебінің директоры Сергей Глущенко.

Ауылдағы білім нысанының жаңа кейіпке енгеніне ауыл тұрғындары да риза

–Мектебіміз жаңарды, жаңадан спорт залы бой көтерді. Жүз оқушыға арналған асхана ашылды. Ауыл мектебіне көңіл болып жатқан мемлекет басшысына рахмет. Біз өте қуаныштымыз. Балаларымыз да жаңа мектепке барғысы келіп тұрады. Алдында мектепте экскурсия болған. Барлық оқушылар келіп қатысты. Барлығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – дейді ата-аналар тарапынан ауыл тұрғыны Кенжегүл Мусенко .

Мұнан кейін арнайы топ Қарабалық ауданындағы Станционный жалпы білім беретін мектебінің жаңа оқу жылына дайындығымен танысты.

Бұл білім ошағының қабырғасы 1963 жылы қаланған. Қазір мектепте 29 педагог еңбек етеді. Оның 80% жоғары білімді. Оқушылар 100% мектепте тамақтанады. 2022-2023 жылы күрделі жөндеу жүргізіліп, биыл тамыз айының аяғында аяқталды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 379 275 млн теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстарын «Иман» ЖШС жүргізді.
Мектеп директоры Гаухар Раева мектепте 180 оқушы білім алатынын және олардың 100 пайыз оқулықтармен қамтылғанын айтады.
Қостанай облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы Айнагүл Сұрағанованың сөзінше, өңір мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы жақсы.

–Жаңа оқу жылына Қостанай облысының білім беру нысандары жақсы дайындықпен келді. Бірнеше мектептің күрделі жөндеуінің аяқталғанын көріп отырсыздар. Екі жылға созылған Пешков және Қарабалықтағы Станционный жалпы білім беретін мектептерінің қалай жөндеуден өткенін көрдік. Мұнда күрделі жөндеумен бірге материалдық-техникалық базаларының нығайғанын да көрдіңіздер. Айта кету керек, Қостанай облысында биыл оң өзгерістерге толы жыл болды. Жергілікті атқарушы органнан 2 млрд-тан астам қаражат бөлініп, мектептерде 42 мамандандырылған кабинеттер жаңартылды. Химия, физика, биология кабинеттері жабдықталды. Мектептерде асханалар жаңарды. Оған қоса, қауіпсіздікті күшейту үшін бақылау жүйесі 100 пайыз қамтылды. Бұған қоса, дабыл түймелері орнатылып, мамандандырылған күзет қызметкерлерімен қамтылды. Биыл Қостанай облысы бойынша 757 білім мекемесі жұмыс істейді. Мұнда 20 мыңнан астам педагогтар бар. биыл үш жүзге тарта жас маман жұмысқа алынды. Оларға ауылдық жерлерде жергілікті билік өкілдері қолайлы жағдай жасауда, – дейді Айнагүл Сұрағанова.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суретті түсірген Бейбіт Нұрмұханов.

Жаңалықтармен бөлісу