Бас прокуратура ескертеді: WhatsApp-ты бұзбай кіріп, «үнсіз басып алатын» алаяқтардан сақтаныңыздар!

Бас прокуратура ескертеді: WhatsApp-ты бұзбай кіріп, «үнсіз басып алатын» алаяқтардан сақтаныңыздар!

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы «WhatsApp» мессенджерінд жаңа киберқатер пайда болғаны туралы ескертеді.
Шетелдік дереккөздердің мәліметіне сәйкес, кибералаяқтар «WhatsApp» аккаунттарын иемденіп алудың жаңа қылмыстық схемасын қолдана бастады. Бұл әдіс «GhostPairing» деп аталады және парольдерді бұзуды, SIM-карталарды ауыстыруды немесе күрделі техникалық шабуылдарды қажет етпейді. Алаяқтар «WhatsApp»-қа заңды түрде, қосымша құрылғыларды байланыстыру функциясын пайдалану арқылы қол жеткізеді.

Сценарийі қарапайым: пайдаланушыға «Facebook» немесе «WhatsApp» атынан жасырын күйдегі хабарлама жіберіледі, ол «Facebook» пен «WhatsApp»
интерфейсін визуалды түрде қайталайтын жалған парақшаларға бағыттайды.

Контентке қолжетімділікті растау үшін фейк-парақша телефон нөмірі мен растау кодын енгізуді ұсынады, осыдан кейін зиянкес автоматты түрде жәбірленушінің аккаунтына сенімді құрылғы ретінде қосылып, «WhatsApp»-қа толық қол жеткізеді (хабарламаларды оқу, медиафайлдарды қарау, байланыстар тізімі, хабарлама жіберу, фотогалереяға қолжетімділік). Бұл ретте телефон әдеттегідей жұмыс істей береді және күдік тудырмайды.

«WhatsApp»-тың «шабуылға» ұшырағанын анықтаудың жалғыз жолы – «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін қолмен тексеру. Кез келген белгісіз қосылу аккаунттың бұзылғанын көрсетеді және дереу жойылуға тиіс.

Сақ болыңыздар, ол үшін мына киберқауіпсіздік талаптарын қадағалаңыздар:
— белгісіз кіріс хабарламаларға, қоңырауларға және әр түрлі хабарландыруларға мұқият болыңыздар;
— «WhatsApp» кодын бөгде парақшаларға енгізбеңіздер, қосымшадан тыс жерде кодты сұрату — әрқашан алаяқтық;
— екі факторлы аутентификацияны пайдаланыңыздар;
— аккаунтыңыздың белсенділігін тұрақты түрде тексеріп отырыңыздар;
— қорғаныш бағдарламалық қамтамасыз етуді қолданыңыздар.

Салғырттық құны сіздің жеке хат алмасуыңыздың сырттай толық бақылауға көшуіне тең келуі мүмкін.