Қостанайдағы дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Жан Даутов үшін жаңа жыл жеңістермен басталды. Алдымен ол 4-5 қаңтарда өткен Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық оқушылар олимпиадасының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанды, ал келесі күні математика, физика және информатика пәндері бойынша 20-шы Халықаралық Жәутіков олимпиадасына қатысу үшін Алматы қаласына аттанды.
Биыл олимпиада 8-13 қаңтар аралығында Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінің базасында өтті.
Олимпиаданың мақсаты – оқушылар арасында физика-математика ғылымдарын дәріптеу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, түрлі елдердің бейінді мектептері арасында достық қарым-қатынас орнату, олимпиадаларды ұйымдастыру мен өткізу бойынша тәжірибе алмасу, сондай-ақ Қазақстанның білімі мен мәдениеті деңгейін көрсету.
Биыл дәстүрлі олимпиадаға әлемнің 14 елінің 55 командасы сапында 600-дей оқушы қатысты, оның ішінде Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария, Тәжікстан, Моңғолия, Грузия, Сербия, Үндістан және Румыния бар.
Жан Даутов олимпиадаға тек жеке есепте қатысты, бірақ бұл оның нәтижесін төмендеткен жоқ. Осы олимпиада үшін арнайы әзірленген күрделі авторлық тапсырмаларды шешу қорытындысы бойынша алтын медальді жеңіп алды.