Қасиетті Шәууал айында, күндердің сұлтаны – жұма күні өңірімізде тағы да бір тамаша мешіт салтанатты түрде ашылды. Ұлтымыздың ұлы тұлғасы атақты Бармақ батыр ұрпақтары – елімізге белгілі Тұрсыновтар әулеті ұйытқы болып, Қуанышбек Жанәбілұлының бастамасымен Қарасу ауданының Комсомол ауылындағы мұсылман ағайынға арнап зәулім де көрікті, сәні мен салтанаты жарасқан Алланың үйін тарту етіп жатыр. Бұл ғибадат ордасына аймағымыздың сыйлы азаматы, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Жанәбіл Тұрсыновтың жан жары, он перзент дүниеге әкелген алтын құрсақӘбділуақапқызы Зәйтуна ананың есімі беріліп отыр.
Былтыр құрылыс басталған рухани орда жылға жетпей халық игілігіне берілді. Алтындалған күмбезі мен мұнаралары алыстан менмұндалап тұр. Сәулеті жағынан көз тартар мешіттің үлкен намаз залына елу адамға дейін еркін сияды. Әйелдерге арналған қосымша құлшылық бөлмесі бар. Имамның бөлмесінен бөлек, дәрет алатын орын да қарастырылған. Мешіт сыртында жылыту қазандығы мен дәретхана орналасқан. Алла үйінің аумағы қоршауланған, аулаға тастөсем төселіп, айналасына көгал егіліп, ағаштар отырғызылыпты. Намаз залынан микрофонмен арқылы оқылып жатқан дұға-батаның бәрі даладан дауыс зорайтқыш арқылы естіліп тұр.
Салтанатты шараның әлқиссасыҚостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің Бас имамыШоқан қажы Ғазизұлыныңқасиетті Құран аяттарын оқып, батасын берумен басталды.
Қостанай облыстық мешітінің наиб-имамы, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының аймағымыздағы өкілі Бақытжан қажы Икрамұлы құттықтау тілегін білдірді. Комсомол ауылының тумасы, ұзақ жыл ұстаздық еткен, өткен қыста діни дәріс алған Хали ағамыз «Зәйтуна ана»мешітінің имамы болып тағайындалғанын хабарлады.
Қарасу ауданының әкімі ВикторРадченко өзінің құттықтау сөзінде бүгінгі Алла үйінің өңіріміздің рухани өміріне зор екпін беретінін жеткізді.
Ал, осы мешіттің салынуына ұйытқы болған Тұрсыновтар әулеті атынан сөз алған Азамат Жанәбілұлықолдау көрсетіп, жанашырлық танытуға алыстан-жақыннан келген барша меймандарға, ел ақсақалдарына, жергілікті халыққа алғысын білдірді.
Мешіттің ашылу қастерлі рәсімін орындады. Шашу шашылып, жұртшылық құлшылық ордасының ішімен танысты. «Зәйтуна ана» мешітінде жамағат алғашқы жұма намазына сапқа тұрды.
Жиналған қауым асханада арнайы жайылған дастарханнан дәм татты. Тұрсыновтар әулетінен өмірден озған аруақтарға Құран бағышталып, бата-дұға берілді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Суреттерді түсірген Еркебұлан ӘСЕТ.