Такси жүргізушісіне жала жапқан қыз жауапқа тартылды

Такси жүргізушісіне жала жапқан қыз жауапқа тартылды

Полиция департаменті такси жүргізушісін айыптаған қыздың қандай жазаға тартылғанын хабарлады.

 “Осы құқық бұзушылық үшін 30 АЕК айыппұл жазасы тағайындалды, яғни жалпы сомасы 110 760 теңгені құрайды. Бейнежазбаның кейіпкерінің арызы  оның бейнесі бар жазбаны тарату фактісі бойынша азаматтық-құқықтық салада қаралатын болады” делінген хаттамада.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 24 желтоқсанында қостанайлық қыз  полицияға такси жүргізушісімен арада жанжал болғанын хабарлайды.

Такси жүргізушісі салонда қыздың полицияға қоңырау шалып, алдымен жанжалдың мәнін түсіндіруге тырысып жатқаны туралы бейне жазады. Бірақ оған қыз ашуланып, жүргізуші оны құшақтады деп айқайлайды да есінен танып қалады.

Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері оны тексеріп, көмек көрсетеді. Полицейлер такси жүргізушісінің іс-әрекетінде қандай да бір құқық бұзушылықтың болмағанын айтып отыр.

Кейін қыз тілшіге оның қатысуымен бейне таратылғанын, желіде оған қарсы жағымсыз қылық көрсетілгенін айтқан.

“Мен полицияға қоңырау шала бастағанда, ол мені әртүрлі сөздермен балағаттады, ашуландырды…”, – деген ол.

Диана БАТЫРБЕК

Жаңалықтармен бөлісу