Жанкелдин ауданында жайылымды киіктер жайлап алды

Жанкелдин ауданында жайылымды киіктер жайлап алды

Жанкелдин ауданы Қызбел ауылдық округінің шаруа қожалықтары «мал жайылымы мен шабындықта киіктер қаптап кетті» деп дабыл қақты. Мыңғыра төлдеген бөкендер Торғай даласында тобымен көшіп жүр.

 Сайын даланың серкесі мен еркесі саналатын киіктер саны жыл санап өсіп келеді. 2023 жылғы әуе санағы бойынша Бетпақдала популяциясындағы киіктер шамамен 745 мың 300-ге жеткен. Олар Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола облыстары аумақтарын мекендейді.

Өткен жолы жергілікті мәслихат депутаттарымен кездескенде де ауыл тұрғындары шабындықты киіктер таптап жатыр деп кейіс білдірген еді. Ал, енді Саға ауылындағы шаруа қожалықтарының иелері кімге шағым айтарын білмей отыр.

«Жаз бойы өзіміздің жеке малымыздан қорып, тұяқтыларды жолатпай отырғанда шабындыққа киіктер кіріп, рәсуасын шығарып жатыр. «Алтын дала» табиғи резерватының қорықшылары біздің малды аумағына кіргізбейтін еді. Енді олардың киіктері өлшемі қарыстай ғана жерімізге кіріп кетті. Кімге шағымданамыз? Кімге барып өкпе назымызды айтамыз? Қорықшыларға айтсақ, «төрт аяғы бар жануарларға қалай ие боламыз?» деп ат-тондарын ала қашады. Сонда қарапайым шаруалардың қамын кім ойлайды? Үйір-үйір жылқы, табынды сиыр, отар-отар қойымызды киіктермен қосып бағамыз ба? Бұның бір шешімін табу керек. Болмаса, Сенат депутаттарына шағым түсіреміз», – дейді «Мирас» шаруа қожалығының басшысы Амангелді Қожахметов.

Мән-жайды білмекке «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының өкілдеріне хабарласып көрдік.

«Заңмен бекітіліп, арнайы сызылған шекарамыз бар. Біздікі мемлекет тарапынан қорғалған аймақ есебінде. Қалған жерлерді «Охотозопром» мекемесі қорғайды. Біздің шекарамызда арнайы күзететін қызметкерлер бар. Шаруа қожалықтарына келер болсақ, олар ауыл шаруашылығы басқармасына шағым түсіруге болады. Ақбөкенді атуға, аулауға тыйым салынған. Киіктер біздің аумақта жүретін болса, біз оларды қорғап, бөтен жерлерге кіргізбеуге тырысамыз. Диқандар мен шаруа қожалықтарының алқабына кірсе, біз оны қорғай алмаймыз және біздің құзыретімізге жатпайды. Жуырда жан-жақты тексеру жүргізілгенде бардым. Ол уақытта ешқандай киік көрмедім. Шилі, Бидайық ауыл жағынан киіктер көп келетіні рас. Негізінде заң бойынша шаруа қожалықтары өздеріне тиесілі аумағын өздері қорғауы керек», – деп жауап қайырды «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Дүйсенғали Айтбаев.

Иә, бұл мәселеге бейжай қарамай, бір шешімін қарастыру керек. Кең даланың киесі деп, киіктерді аулауға тыйым салып қойған. Сонда не істеу керек? Санын көбейтіп, жер аясын тарылта беру керек пе? Онсыз да халық пен шаруа қожалықтарының арасында жер дауы басылмай тұр.

«Тек мал шаруашылығымен айналысып отырған қожалықтар емес, егін шаруашылығын қолға алған диқандар да киіктен жапа шегіп отыр. Көктем айынан бастап, қара терге түсіп, қара жерді жыртып, оны өңдеп, дәнді дақылдарды сеуіп еңбек етті. Өнімі енді қылтиып шығып келе жатқан кезде киіктер таптап, шығынға ұшыратты. Бұл мәселенің мәнісі мен түйінін шешетін адам жоқ па? Биыл ауа райы да жақсы болмай тұр. Жауын-шашын жоқ. Жердің ылғалы да кеуіп барады. Аптаған ыстық жайылым мен шабындықты сарғайтып жіберді. Қуаңшылық халыққа жақсы болмайын деп тұр. Оның үстіне киіктер өріп жүр. Аптап ыстықтан қорқып отырғанда, киіктер егістікке түсіп шаруалардың ашуын тудырды. Шиеленіскен мәселенің бір шешімі болатын шығар деп үміттеніп отырмыз», – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ернұр Сайлаубекұлы.

Сонымен байқағанымыз, мәселенің шешімін ешкім де білмейтін сияқты. Бәлкім, кейбір қоғам белсенділері айтып жүргендей аулауға рұқсат берерміз? Әйтпесе, бұл түйткілдің шеті әзір көрінбейтін секілді.

Жанкелдин ауданы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу