Арқалықтың ауылшаруашылық жәрмеңкесі жаңа жылда да дәстүрлі жалғасын тапты. Орталық «Гаухар» базарында ұйымдастырылатын азық – түлік өнімдерінің саудасы тұтынушы мен өнім өндірушілердің арасындағы байланысты арттыра түсуде.
Ауласында өз қолымен өндірген өнімін жеткізіп тұрғандардың бірі – Көктау ауылының тұрғыны Ира Ахметова.
Ауыл тұрғыны қалада өтетін жәрмеңкеге тұрақты қатысып тұратынын ризашылықпен әңгімелейді. Өнімді өндірдің өз қолыңмен әкеліп саттың, нарықтың тиімді заңы деген осы. Сүт, қаймақ, ірімшіктерін тұтынушылар қолға тигізбей әкетіп жатыр деуге болады.
«Қазір келіншектер сиыр саууға ерінеді. Еңбектенген адамға табыс бар. Сүттің литрін 600 теңгеден, ірімшіктің келісін 1200 теңгеден сатып тұрмын. Қыста сүт аздау болады. 10 литрдей әкеліп едім, әпсәтте өтіп кетті», – дейді Ира ханым.
Өнім өндірушілер өз еңберінің осылай жемісін көріп жатса, жәрмеңкеге келіп қажетін өтеп жатқан тұтынушылар да саудасының сәтті болғанына дән риза.
«Жәрмеңкеге келіп, бұйырған тамағымызды алып жатырмыз. Алдағы уақытта да бола бергенін қалаймыз. Келісін 2200 теңгеден 50 келідей ет алдық. Бұл дүкендегі бағадан аз да болса арзанға түседі», –дейді Родина ауылының тұрғыны Майлыбай Жүкенов ақсақал.
Қалалық ауылшаруашылық бөлімінің әдіскері Аружан Наурыздың айтуынша жәрмеңкеге тұрақты қатысып тұратын ауылдар баршылық.
Олардың қатарында Әбдіғаппар хан ауылы, Фурманов, Родина ауылдары мен Северный кенттерін атап өтуге болады.
Бағаның көтерілмеуін бөлім ұдайы назарда ұстап отырады.
Мұрат Жүнісұлы Суреттерді түсірген автор Арқалық қаласы