Зауыттың Қостанайда жаңа дәуірі басталды

Зауыттың Қостанайда жаңа дәуірі басталды

Қостанайда Қазақстан арматура-оқшаулағыш зауыты таныстырылды. Зауыт бұған дейін Рудный қаласында жұмыс істеп келген. Енді облыс орталығына көшіріліп, жоғары вольтты электр желілері үшін изолятор шығаратын болады.

Кәсіпорын 2013 жылы ашылған. Кеншілер қаласында 10 жылдан астам табысты жұмыс істеді. Негізгі тұтынушылары: Өзбекстан, Эстония, Қытай, Камерун, Тунис, Түркия, Польша, Бразилия елдері. Мұнда бұған дейін жарты миллионнан астам изолятор шығарып келген. Өткен жылдан бастап Қостанайға көшірілген зауыт өндіріс көлемін ұлғайтып, жоғары вольтты электр желілері үшін 1,5 млннан астам изолятор шығаруға ниетті.

«Қазақстан арматура-оқшаулағыш зауыты» энергетика үшін бірегей кәсіпорын болмақ. Өйткені, мұнда жоғары вольтты және төмен вольтты желілерге арналған изоляторлар жасалады. Мұнда дайын компонеттер қолданылады және бірден электр желілері үшін шыны оқшаулағыштар жиналады. Зауыт бірінші кезекте елдің энергетикалық қауіпсіздігіне кепілдік береді. Өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтағы электр энергетикасын өндіретін компанияларға жеткізеді. Сондықтан кәсіпорын осындай өндіріспен әлемдік компанияларға елеулі бәсекелестік жасай алатынына сенімдімін, өйткені оның экспорттық әлеуеті зор», – деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.

Мемлекет басшысы да елдің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты екенін айтқан еді. Зауыт осы уақыт аралығында 4 млннан астам изолятор шығарды. Ел ішінде барлық ұлттық және жекеменшік компанияларға жеткізіледі. Олар: «Қазақстан темір жолы», «KEGOC», «ҚазТрансОйл», «Қазақмыс» сынды кәсіпорындар.

«Он жылдық тарихы бар кәсіпорынды Рудный қаласынан Қостанайға көшіру туралы шешім қабылданды. Облыс орталығында жақсы жұмыс нәтижиесін күтеміз. Бұған дейін де жаман көрсеткішке қол жеткізген жоқпыз. Жұмыскерлердің жалақысы көтерілді, осыған дейін олар қолына 168 мың теңге алып келсе, енді 268 мың теңге алатын болады. Әр қызметкердің еңбегін бағалаймыз. Зауыт Қазақстан Республикасындағы электр беру желісіне арналған шыны изоляторлардың барлық дерлік желісін өндіруге индустриялық сертификаты бар бірегей әрі жалғыз кәсіпорын. Бұл біздің өнімнің барлық жоғары сапаға төтеп беретінінің және қауіпсіздік стандартына сәйкес келетіндігінің дәлелі. Қазақстан арматура-оқшаулағыш зауыты тек еліміздің ғана емес, одан тыс жерлердің де энергетика саласын дамытуға жан-жақты тырысатын болады. Шынында да, біз жақын және алыс шет елдерге жеткізуді бастадық. Осы зауытты құруға күш-жігерін жұмсағандардың барлығына, сондай-ақ біздің барлық серіктесімізге, соның ішінде Оңтүстік Орал арматура-оқшаулау зауытының бас серіктесіне, сондай-ақ тұтынушыларымызға алғыс айтқым келеді», – деді Қазақстан арматура-оқшаулағыш зауытының директоры Артем Бутин.

Шаһар басшысы облыс орталығындағы «АлСар» жиһаз өндіретін ірі кәсіпорынның жұмысымен де танысты. Жеке кәсіпкерліктен кәсіпорын деңгейін дейін көтерілген серіктестіктің бүгінде әлеуеті артқан. Кәсіпорын директоры Асхат Ыбыраев 2016-2017 жылдарры кәсібін бастаған. Жұмыс бағыты – мектептер мен өзге де мекемелерге арнап жиһаз өнімін жасау.

«Мемлекеттік бағдарламалардың бәрі ашық түрде жүргізіледі. «Даму» қорымен жұмыс істеу өте ыңғайлы болды. Мамандар барлық сұраққа жауап беріп, көмектеседі. Бірінші субсидияны цех ғимаратының құрылысына, екіншісін жабдық сатып алу үшін алдық. Жылына 80-нен 120 мың дана бұйым шығаруға ниеттіміз. Қызметкер санын 37-ден 60-қа дейін ұлғайтсам деймін. Жұмыс істеу үшін бәрі бар. Жобаға жеке қордан 328 млн теңге салдым», – дейді «АлСар» кәсіпорнының директоры Асхат Ыбыраев.

Кәсіпорын әлеуметтік нысандарды жабдықтайды. Қала мен облыстан бөлек, Ақмола облысынан және Астанадан тапсырыс қабылдап қойған.

«Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отыр. 276 млн теңге мемлекеттік субсидия алған. Қаржыға кәсіпорынды кеңейтіп, өндірісті арттырды. Менің есімде, ең алғаш бұл кәсіпорын шағын ғана цех болған еді. Ал қазір жиһаз өндірісі бойынша өңірдегі ірі алдыңғы қатарлы кәсіпорынға айналды», – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Аталмыш компания мекемені жиһазбен ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, материалдық-техникалық базасын да өздері апарып орнатады. Олар осы уақытқа дейін Қостанайдағы Назарбаев зияткерлік мектебін жабдықтап берген. Сондай-ақ, қаладағы №28 мектеп-гимназиясын, Әуежай шағын ауданындағы мектептің жиһаздары «АлСар» компаниясы әзірлеген. Құрылыс компанияларымен келісімшартқа отырады. Жабдықтар жобалық-құндық құжаттаманың техникалық сипаттамасында және материлдық-техникалық базасында көрсетіледі.

«Мердігер ұйым ретінде «АлСардан» фурнитураға, жиһазға тапсырыс береміз. Кәсіпорынмен үш жыл қатарынан жұмыс істеп келеміз. Жиһаздарының сапасы өте жоғары. Сондай-ақ, біздің тапсырысты уақыты әзірлеп беріп келеді. Сол себепті біз жұмыс істеуге мүдделіміз. Жергілікті өндірушілерді қолдаймыз», – дейді «Лидер-НК» ЖШС және жоба жетекшісі Ақан Шаттықов.

Нысанның аумағы 2000 шаршы метр. Арнайы құрылғы сатып алуға 214 млн теңге жұмсаған. Жалпы құйылған қаржы 604 млн теңге, оның 276 млн теңгесін мемлекет қаржыландырған. Қазір кәсіпорын Арқалық қаласындағы 300 орындық жайлы мектепті жабдықтауға кіріскен.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу