Заречныйда алғашқы «Жайлы мектеп» есігін айқара ашты

Заречныйда алғашқы «Жайлы мектеп» есігін айқара ашты

Қостанай ауданына қарасты Заречный кентіндегі «Жайлы мектепте» алғаш рет қоңырау үні  естілді.

Бұл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан ұлттық жоба аясында Қостанай ауданында салынған алғашқы заманауи білім ордасы. Өткен жылы қабырғасы қаланып, бір жылдың ішінде салынып, ел игіліне беріліп отыр.


Облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали №1 Заречный жалпы білім беретін мектебінің оқушылары мен педагогтарын құттықтады.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберіңде облысымызда алғашқы ашылған Заречный жалпы білім беретін мектебінің салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Жалпы бұл ұлттық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында және Президент биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деп, білім саласына ерекше көңіл бөлді. 2025 жылдың соңына дейін облыста сегіз мың оқушыға арналған 11 заманауи мектеп, оның ішінде алтауы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде салынатын болады. Бүгін Заречный ауылының тұрғындары үшін 900 орындық мемлекеттік тілде оқытатын жаңа мектеп есігін айқара ашып отыр. Қазіргі таңда аталған мектепке 500 астам бала қабылданды. Мектеп педагогтары толықтай кадрлармен қамтамасыз етіліп, 60% астам ұстаздар жоғары білікті кадрлар, –  деп атап өтті Ринат Зәкиұлы.

Педагогтерге, оқушылар мен ата-аналарға ақсақалдар өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Бүгін жаңа мектепте оқушылардың сабақтары басталып кетті. Жалпы құрылысына 5 млрд теңге жұмсалған №1 Заречный жалпы білім беретін мектебінде сапалы білім беру процесі үшін барлық жайлы және қауіпсіз жағдай жасалған. Мектеп соңғы үлгідегі материалдық-техникалық жабдықтармен жабдықталған үш қабатты ғимарат, ол заманауи форматта ұлттық жобаға сәйкес салынды. Онда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті кедергісіз орта, балалар шығармашылығын дамытуға арналған аймақтар, оқу дағдылары, цифрлық технологияларды игеру, сондай-ақ, бастауыш, орта және жоғары буынды оқытуға арналған блоктар, әр буын үшін бөлек үш спорт залы қарастырылған.

«Заречный ауылында тұрамыз. Біз жайлы мектептің ашылуын асыға күттік. Кітапхана мен оқу кабинеттері заманауи оқу жабдықтарымен жабдықталған. Сондай-ақ, балалардың демалуына арналған коворкинг аймақтар, әр балаға арналған жеке шкафтар қарастырылған. Мектеп жас ұрпаққа жан-жақты білім алуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Үлкен мектепте ел үмітін ақтайтын саналы ұрпақтың тәрбиеленіп шығатынына сенімдіміз!»  – деді көп балалы ана Лиза Оқан.

Жаңа білім ұясына барған шәкірттердің шаттығында шек жоқ.
Мектеп базасы оқушыларға қажетті барлық құралмен қамтылған. Ғимаратта жүзден астам оқу кабинеті, оқу зертханаларымен физика, химия, биология пәндері қабинеттері, робототехника кабинеттері мен компьютерлік сыныптар, STEM-зертханалар толық жабдықталған.

Оқу кабинеттері интерактивті тақталармен, шетел тілдері кабинеттері – лингафондармен жабдықталған.


Оқушыларды жан-жақты дамыту үшін балалар көптеген пайдалы дағдыларды игере алатын жаңа шеберханалар тағы бар.
Әмбебап акт залы конференц-залға немесе өнер студиясына айналуы мүмкін. Оқу залы бар кітапхана, оқушылар мен мұғалімдерге арналған ыңғайлы коворкинг аймақтары, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету – осының бәрі сапалы білім алу және балалардың таланттары мен қабілеттерін дамыту үшін оқу кеңістігінде қолайлы жағдай жасайды.
Мектеп ауласының аумағы тыныш ойындар үшін де, белсенді және мобильді ойындар үшін де абаттандырылған.


Мектеп ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға бейімделген, қауіпсіз білім беру ортасы құрылған, азаматтардың аз қозғалатын тобына бейімделген: пандустар, тұтқалар, нашар көретіндерге арналған ескерту жүйелері, таблолар мен көрсеткіштер бар.

Айта кету керек, Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асыру аясында Қостанай облысында төрт мың бес жүз оқушыға арналған алты мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның біреуі бүгін Заречныйда ашылып отыр. 2024 жылдың соңына дейін Арқалық және Рудный қалаларында, Құсмұрын ауылында және облыс орталығының белсенді дамып келе жатқан Әуежай және Береке шағын аудандарында екі мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Ерасыл ТАЛҒАТОВ

Жаңалықтармен бөлісу