Заңсыз ескерткіштер сүріледі

Заңсыз ескерткіштер сүріледі

Мамандардың дерегінше, Қостанай облысы елімізде жосықсыз ескерткіш тұрғызудан үшінші орында тұрған көрінеді.

Мемлекет басшысы 2023 жылдың 12 ақпанында Үкіметке және өңірлердің әкімдеріне монументтік өнер құрылыстарын орнатуда Заң талаптары мен Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын қатаң және мүлтіксіз сақтауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ қарастырылып отырған мәселенің идеологиялық құрамдас бөлігін ұстануды тапсырған болатын.

Сонымен қатар, Республикалық комиссияның мақұлдауынсыз ескерткіштер мен бюсттерді орнату фактілерін толығымен жоюды міндеттеді.

Заң бойынша қандай да бір ескерткіш тұрғызу үшін оның бекітілген нақты талаптары бар екені мәлім. Арқалық қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Сұлтанбековтің төрағалығымен өткен семинарда осы мәселелер тағы да пысықталып өтті.

Бұл жөнінде, яғни тарихи-мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану саласындағы қолданыстағы заңнаманы, монументалды өнер құрылыстарын оранту рәсімін жүзеге асыру тәртібі бөлігінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін облыс орталығынан арнай келген жұмыс тобының мүшелері: облыстық мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің» басшысы Әсел Мусина мен «Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, реставрациялау және қорғау орталығы» ММ – нің басшысы Бекболат Уәлиев егжей-тегжейлі түсіндіріп шықты.

Барлық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдардың басым міндеттерінің бірі Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасын сақтау және көпшілікке танымал ету болып табылады. Мәдени мұра-бұл баршаға ортақ құндылық, қоғам мен мемлекеттің шоғырлануы мен табысты дамуының әлеуеті.

Табиғи және мәдени мұраға бай Қостанай облысында 1140 тарих және мәдениет ескерткіші орналасқан, оның ішінде 5-і республикалық маңызы бар ескерткіш. Арқалық қаласына қарасты Екідің ауылындағы Екідің І және Екідің ІІ ғұрыптық ескерткіштері сол бестіктің қатарына кіреді. Жергілікті маңызы бар ескертікштер саны-1135. Оның 1051-і, 41 монументтік өнер құрылысы, 39 қала құрылысы және сәулет ескерткіші, 4 киелі обьект.

Семинарға ауыл және ауылдық округтердің әкімдері, қала әкімі аппаратының Заң бөлімі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу