Заң үстемдігі – орнықты экономика мен әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі

Заң үстемдігі – орнықты экономика мен әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі

Бүгін еліміздің тарихында жаңа парақ ашылды. Жаңа Конституцияның күшіне енуі – саяси жаңғыру әрі мемлекетіміздің ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылығы мен әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған түбегейлі бастама. Кез келген реформаның негізгі мақсаты халықтың өмір сүру сапасын жақсарту десек, Ата Заңымыздың жаңаланған мәтіні осы міндетті толықтай айқындап берді.

Қаржы және банк саласының маманы ретінде менің назарымды ең алдымен елдің экономикалық архитектоникасына әсер ететін нормалар аударды. Жаңа Конституцияда меншік құқығын қорғау, кәсіпкерлік еркіндік пен инвестициялық климатты жақсарту тетіктері заң жүзінде шегенделген. Бүгінгі таңда инвесторлар үшін ең маңызды фактор – тұрақтылық пен заңның әділдігі. Бас заңдағы бұл кепілдіктер отандық және шетелдік капиталдың ел экономикасына, соның ішінде өңірлік жобаларға сеніммен келуіне жол ашады. Бұл – жаңа жұмыс орындары, заманауи инфрақұрылым және бюджет кірісінің еселеп артуы деген сөз.
Мәслихат депутаты ретінде маған жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттігін кеңейтуге қатысты өзгерістер өте жақын. Жаңа реформа аясында өңірлердің қаржылық дербестігін арттыруға, жергілікті бюджетті халықтың нақты мұқтаждықтарына қарай тиімді бөлуге мүмкіндік туып отыр. Біз енді өңірлік мәселелерді – жол жөндеу, мектептер мен ауруханалар салу, әлеуметтік нысандарды жаңғырту ісін халықпен бірлесе отырып, анағұрлым жедел әрі ашық шеше аламыз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осылайша Конституциялық деңгейде бекітілді.
Әсіресе, ұлттық байлықты, соның ішінде жер мен табиғи ресурстарды халықтың меншігі ретінде айқындау және одан түсетін табысты болашақ ұрпақтың игілігіне жұмсау туралы нормалар – әлеуметтік әділдіктің шынайы көрінісі. Бұл – қаржылық активтерді стратегиялық тұрғыдан дұрыс басқарудың ең тиімді моделі.
Қорыта айтқанда, жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның құқықтық іргетасы. Оның әрбір бабы елдің қаржылық жүйесін нығайтуға, шағын және орта бизнесті қолдауға және әлеуметтік теңсіздікті азайтуға бағытталған. Ендігі біздің, яғни жергілікті өкілді органдар мен қаржы қоғамдастығының міндеті – осы конституциялық нормаларды өмірде тиімді жүзеге асырып, ел игілігіне айналдыру.

Қырмызы ЖАҢБЫРШИНА,
облыстық мәслихат депутаты