Зайырлылық – Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімнің негізі

Зайырлылық – Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімнің негізі

Қазақстан зайырлы мемлекет саналады және бұл қағида ел Конституциясында бекітілген. Зайырлылық қоғамның  тұрақтылығын, азаматтардың теңдігін және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

Елде әртүрлі ұлт пен дін өкілдері тұрады. Әрбір азамат діни нанымдарды еркін таңдауға немесе оларды мүлдем ұстанбауға құқылы. Мемлекет барлық адамның сенімге деген көзқарасына қарамастан, теңдігіне кепілдік береді және олардың құқықтарын қорғайды.

Мемлекеттің зайырлы құрылымының конституциялық негіздері заңнамада нақты белгіленген. Осылайша, Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабына сәйкес, дін мемлекеттен бөлінген. Бұл дегеніміз – мемлекеттік институттар діни ұйымдардан тәуелсіз жұмыс істейді және барлық шешім елдің Конституциясы мен заңдары негізінде қабылданады. Сонымен бірге мемлекет әртүрлі конфессия өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруіне жағдай жасай отырып, азаматтардың ар-ождан мен дін бостандығына құқығын құрметтейді.

Конституцияның Қазақстан аумағындағы діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылатыны және конституциялық құрылыстың негіздерін, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті қорғауды, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның имандылығын қамтамасыз ету мақсатында шектелуі мүмкін екені туралы ережесі де маңызды саналады. Бұл норма қоғамдық тұрақтылықты сақтауға және мемлекет пен қоғамның мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін деструктивті идеялардың таралуын болдырмауға бағытталған.

Мемлекеттің зайырлы сипаты білім беру саласында да көрініс табады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабының 5-тармағына сәйкес, білім беру ұйымдарындағы оқыту және тәрбиелеу жүйесі рухани білім беру ұйымдарын қоспағанда, зайырлы сипатта болады. Бұл өскелең ұрпақтың бойында ғылыми білімге, адам құқықтары мен азаматтық қоғам қағидаттарын құрметтеуге негізделген объективті дүниетанымның қалыптасуына ықпал етеді.

Зайырлылық діннен бас тарту дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл барлық конфессия мен дүниетанымдарды құрметтеуді, мемлекеттік шешімдер діни нұсқаулар емес, заңдар негізінде қабылданады деген қағиданы қатаң сақтауды білдіреді. Бұл тәсіл діни бостандық пен қоғамның мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік ашады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің зайырлы сипатын сақтаудың және дінаралық келісімді нығайтудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Ол түрлі дін мен мәдениет өкілдері арасындағы үйлесімділік елдің тұрақтылығы мен дамуының негіздерінің бірі, ал әртүрлілікке құрмет қазақстандық қоғамның маңызды құндылығы екенін атап өтті.

Бүгінгі таңда зайырлылық принципі қоғамдық өмірде маңызды рөл атқарады. Ол халық бірлігін нығайтуға, өзара сыйластықты дамытуға, елдегі бейбітшілік пен қоғамдық келісімді сақтауға ықпал етеді.

Осылайша, зайырлылық көп ұлтты және көп конфессиялы мемлекет жағдайында қоғамның тұрақтылығын, қауіпсіздігін және үйлесімді дамуын қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның мемлекеттік құрылымының басты негіздерінің бірі болып қала береді.