Зәмзагүл Сейітқызы:  «Әкемнің көп еңбегі  қолды болды»

Зәмзагүл Сейітқызы: «Әкемнің көп еңбегі қолды болды»

Қостанайда жыл сайын Сейіт Кенжеахметов атындағы републикалық сатира байқауы өтеді. Осы байқау өткен сайын төрелік етуге ағамыздың қызы, ұстаз-ғалым, Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері, «Жеті қазына» этнопедагогика бағдарламасының авторы Зәмзагүл Сейітқызы да келеді.

Келген сайын әкесінің есімі аталып, жаңғырып жатқанына қуанып кетеді. Бұл жолы да байқау өтті. Зәмзагүл апайымыз да келді. Апаймен орайы келгенде әке жайлы, артында қалдырған мол мұрасы, тағдыры жайында сұхбаттасқан едік. Оқыңыз. Мүмкін ой салар.

 – Зәмзагүл апай, Қостанай жері, оның ішінде Арқалық қаласы сізге ыстық екенін білемін. Бүгінгі кештің де сіз үшін орны бөлек. Қандай сезімдесіз?

– Жылда келген сайын төбем көкке көтеріліп, қуанып кетемін. Ұйымдастырушыларға алғысым көп. Кенже қалып бара жатқан сатира жанрының қайта жандануына өнерпаздар да үлесін қосуда. Осындайға қарап адамның көңілі өседі. Әкесінің есімі аталғанда толқымайтын жан жоқ шығар. Әкемнің болмысы әр қырынан ашылғанда төбем көкке сәл жетпей қалады. Ал, енді сатира жанрына келер болсақ, қазір жоғалып бара жатқан, арзан күлкімен емес, әлеуметтік проблемаларды көтере отырып, ойландыратын күрделі жанр. Бұл да тәрбие құралы.

– Қазір күлкі арзандады. Бірақ сатира азайды. Әкеңіздің жарыққа шықпаған сатиралық еңбектері бар ма?

– Әрине, жарыққа шықпай жатып қалған дүниелері бар. Оған басты себеп – әкем заманның өзгеруіне, екі дәуірдің тоғысуына тап болды. Осы кезге келгенде байланыс үзілді де қалды. Оған дейін әкем «Тамашаға» арнайы дүниелер жазды. Ал ол заман білесіз «Тамашаның» дүркіреп тұрған кезі. Әр интермедиясын әр актерге арнап жазатын. Ол адамның болмысын, табиғатын түсініп, соған сай жазатын. Мысалы, Құдайберген ағайға, Тұңғышбай ағайға, Лидия Кәденоваға. Ол кісілердің дауыс тембрін біліп, характеріне сай, бейнесін көз алдына елестете отырып, әрқайсына арнайтын. Ал 90-шы жылдары осы байланыс күрт үзілді. Шығармашылық үзілген жоқ, сондай орындаушылар болмай қалды. Уақыт өте келе өмірдің заңы дейміз бе, сахнаға келген жастарға жеңіл-желпі дүниелер керек бола бастады. Бұл жастардың кемшілігі емес, өтімді болуы үшін, заман ағымына қарай сұраныс та өзгерді. Ал әкемдікі күлдіре отырып ой салатын нағыз сатира. Ойланатын, ойлана отырып түзейтін, түзей отырып қайта қарайтын, әрі қарай жаңа қадам жасайтын дүниелер. Ондай тұстар әкемнің шығармашылығында өте көп.

– Әкеңіздің артында мол мұрасы қалғанын білеміз. Ол сіздерге аманат қой. Оларды жинақтап, шығару ойда бар ма?

– Расымен, бізге аманат. Келер жылы әкемнің 85 жылдығына орай еңбектерін жинап, басын құрап қайта шығарғымыз келіп отыр. Себебі, әкемнің біраз кітаптары қазір сатылымда да, басылымда да жоқ. Сондықтан, ендігі жоспарымыз –  сол кітаптарды қайта басып шығару.

– Осы мұраға сіздердің авторлық құқықтарыңыз бар ма? Ол кісі бәрін де заңдастырып үлгерді ме?

– Әкемнің артында қалған мол мұрасына біздің авторлық құқымыз жоқ. Әкем көзі тірісінде соны ойламаған. Кітабын шығару үшін «Алматы кітап» баспа үйімен 70 жылға келісім-шартқа отырған екен. Олар осы жылдар бойы шығарылған кітаптарға ие. Ал олар бұрынғы жылдарды көрсетіп баса береді. Мысалы, этнографиясын тек «Алматы кітап» баспасының ғана басуға құқығы бар. Біз әкеміздің мол мұрасынан еш қаржылай пайда көрмейміз. Аздап, мардымсыз ғана түсетін девиденттер бар. Ал сатирасы сол қалпы тұр. Оны біз енді қолға алып жатырмыз. Артында қалған алты баласы бар. Әкемнің жолын қуған ешкім жоқ. Бәріміз де педагогика саласындамыз. Артында қалған бүкіл мұрасы менде. Ал қара шаңыраққа інім ие болып отыр. Тағы бір жанға бататыны – плагиат өте көп. Әкемнің «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» деген сөзінің өзін әркім әрқалай бұрмалап қолданып жүр. Мен осындай плагиатты көріп тұрсам да ештеңе істей алмаймын. Себебі, менің авторлық құқығым жоқ.

– Бастап, аяқтай алмай қалған кітаптарын не істедіңіздер?

– Қайтарының алдында «Алаш зиялылары» деген еңбек бастаған еді. Оған қатысты көп материалдар жинақтады. Өкніштісі, оны аяқтай алмады. Сонымен ол жарыққа шықпады. Аяқтамақ түгелі сол еңбегі түгелімен жоқ болып кетті. Тек үйдегі қиындылары ғана бар. Архивтен алған, жинаған заттары жоқ. Әкемнің біраз дүниесі қолды болып кетті. Әкем ойда жоқта ауырмай, сырқамай аяқ астынан құлап, бақилық болды. Арқалыққа сүйегін апардық. Ол кезде Арқалық педагогикалық институтында істеп жүрген кезі еді. Материалдарының көпшілігін өз кабинетінде ұстаған екен. Флешкасы, жазбалары, қолжазбалары бар дегендей. Артынан іздеп барғанымызда жартысынан көбін таба алмай қалдық. Қазір мүмкін шығып қалар деген үмітпен жан-жақтан қарап, жазбаларды оқып жүремін. Айтып-айтпай не керек, оның бәріне дәлелің болмаған соң, нақты айта да алмайсың. Оны ойласам ішім удай ашып, жаным күйзеледі.

– Әкеңіз Арқалықта емес, Астана, Алматы сияқты өзге ортада болса қалай болар еді?

– Осы ой өзіме де маза бермейді. Әкем Арқалықта емес, Астана, Алматы сияқты басқа ортада отырғанда бұлай болмас па еді деп те ойлаймын. Анамыз ауырғанда папам Астанада тұрды. Кейін анамыз қайтыс болған соң қайтадан Арқалыққа келді. Елін сағынды. Бірақ қазір Арқалықта әкемнің аты аталмайды. Осындай республикалық байқауды Сейіт ағаның өз елінде неге өткізбейді деген әңгіменің шыққанын да естідім. Арқалықта өткізуге де болар ма еді, бірақ осы жолы Арқалық қаласының басшылығы сан сылтау айтып, қолдамады.

– Көкейде жүрген ойыңыз бар сияқты…

– Бұл ойым орынды ма, орынсыз ба білмей тұрмын. Әкем Арқалықтан кетер кезде Әліби Жанкелдинге қатысты «Сонымен, солай дейді…» деген хабардың шақырғанын, соған қатысатынын айтты. Әлі есімде. Папам хабарласып «соған қатысамын, бар құжаттарды, материалдарды дайындап жатырмын» деді. Ішім бір түрлі қылп ете қалды. «Папа, аруағын тебірентіп қайтесіз, бар шындық уақыт өте келе шығады, артында ұрпағы бар, керек емес» дедім. Әкем келісіп қойғанын айтып, эфирде Әліби Жанкелдиннің шоқынғаны туралы айтылатынын айтты. Оны бәрі біледі, оның Степнов болғанын, куәлігінің барын, тіркелгенін, шіркеуге келгені мәлім. Сол хабарда Әліби Жанкелдиннің өзінің тікелей тұқымы емес, туысы, тағы сондай бірқатар кісілер эфирге дайындалған. Кейін мен ізденгенде нақты кімдердің болғанын маған айтпай қойды. Менің тентектеу, ізденетінімді біледі. Сол жерде басты тақырып жайына қалып, сөзталас болады, әкеме ауыр-ауыр сөздер айтылған. Содан қан қысымы көтеріліп, сол күні әкем құлады. Кейін сол адамдар естігенде «сөзден де өліп кететін адам болады екен ғой» деп араларында әңгіме етіпті. Мұның бәрі менің кейін естігенім. “Маған қайтесің, жылы жауып қоя сал” дегендер де болды. Бүгін осы сұхбатта осы жан жарамды айтқым келіп отыр. Айтатын кез келген сияқты, әр нәрсенің де өз орны болады. Ешкімді кінәлай алмаймын, бірақ әкемнің өліміне біреулердің себебі бар-ау деген күмәнім әлі күнге дейін маза бермейді.

Әңгімеңізге рахмет, әкеңіздің жатқан жері жайлы болсын. Артында қалған мол мұрасы ел игілігіне жарап, рухани азық болсын.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу