Ырыс­­бек Мәуіт: «Мақсатым – табыс табу емес, қазақтілді аудиторияны көтеру»

Ырыс­­бек Мәуіт: «Мақсатым – табыс табу емес, қазақтілді аудиторияны көтеру»

Қуанышты жаңалық – Қостанайда 1 тамыздан бастап «ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталығы ашылады.

Тобыл-Торғай өңірінде мұндай білім орталығының ашылуы кездейсоқ емес. Ұлы Ұстаз Ыбырай Алтынсарин білім ошағын ашқан Тобыл-Торғай өңірінде өзге де білім орталықтарының көптеп ашылуы заңды құбылыс.

Аталған орталық оқушыларға қосымша білім берумен айналысады.

Негізін қалаушы – Ырыс­бек Мәуіт. Ол – математика ғылым­да­рының магистрі, Қазақстан Білім жә­­не ғылым министрлігінің үш мәрте Құр­мет гра­мотасының иегері, 60-тан ас­там оқу құралының авторы, халық­аралық және рес­публикалық олимпиадаларда жеңімпаз бол­ған оқушылардың жетекшісі, «ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталығының директоры әрі математика пәнінің жо­ғары са­натты мұғалімі. Шетелде жиған ілім-білімін, тәжіри­бе­­сін және бар қажыр-қайратын ата­жұртқа арнап жүрген қандасымыз  Ырыс­­бек Мәуіт мырзаны әңгімеге тарт­қан едік.

– Киелі Қостанай жеріне қош келдіңіз, «ZERDELI» ақыл-ой дамыту ор­та­­лы­ғы тоғыз жыл қатарынан «Алтын сақа» олимпиадасын өткізіп жатыр екен. Қысқаша айта өтсеңіз? 

«ZERDELI» білім беру орталығы Қостанай облысы білім басқармасының «Дарын» орталығымен бірлесіп Қостанай қаласында N24 бастауыш мектеп-гимназиясының базасында 3-4, 5-6 сынып оқушылары арасында «Алтын сақа» математикалық олимпиадасының республикалық кезеңін өткізді. Олимпиаданың мақсаты: оқушылар арасында математикаға қабылетті балаларды анықтау, олимпиадалық резервті қалыптастыру, инженерлік-техникалық бағыттағы ғылымға баулу. Олимпиада оқушыларды математикалық ұғымдарды талдауға, сыни тұрғыдан ойлауға, күрделі мәселелерді шешуге дайындайды. «Алтын сақа» математикалық олимпиада бүкіл республика көлемінде өтіп жатыр, әр облысқа өз өкілдерімізді жібердік. Қостанай өңіріне өзім келдім.

Жалпы «Алтын сақа» олимпиадасы өткелі тоғыз жыл қатарынан өтіп жатыр. Қостанай облысында биыл алғаш рет білім басқармасы және «Дарын» орталығымен меморандум аясында өтіп жатыр. Оған мектепшілік кезеңінде 250 мыңның үстінде оқушы қатысса, оның 36 мың оқушысы аудандық кезеңге өтті. Соның ішінде 17 мың оқушы облыстық кезеңге өтіп, оның 189 оқушысы республикаға жолдама алды. Қостанай облысы бойынша 5 сыныптардан 5 оқушы, 6 сыныптардан 5 оқушы, әр сыныптан 5 оқушы өтті. Қазір 22 оқушы бақ сынауда. Марапаттау рәсімін Астана қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз. Жүлде қоры қомақты. 10 млнға дейін тігілген. Бірінші орын алған оқушы – айфон 15, төрт айфон тігіп отырмыз.

Қостанай өңіріне үшінші рет келіп тұрмын. Өткенде математика пәні және бастауыш мұғалімдеріне семинар өткізген болатынмын. Бастауыш мұғалімдерге арналған «Алтын тұғыр» атты авторлық олимпиадам бар. Ол Оқу ағарту министрлігің 514 бұйрығымен тізімге енген. Бас жүлде алған ұстазға Дубайға жолдама бердік. Орын алғандарға 300 мың, 200 мыңнан ақшалай сыйлықтар берілді. Қостанайлық ұстаздардың нәтижесі жаман емес. Республикалық олимпиадада екінші орыннан көрінді.

– Естуімізше, тұңғыш білімнің нәрін сепкен, Ұлыларды тудырған өлкеге жеткізер жағымды жаңалығыңыз бар сияқты…

– Иә, қуанышты жаңалық – «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығы енді Қостанай қаласында ашылғалы жатыр. Облыстық білім басқармасы тарапынан әрі семинарға қатысқан әріптестеріміздің арасында ұсыныс түскеннен кейін қолға алдық. Бұл – білімнің шамшырағын жаққан қасиетті өңір. Еліміз бойынша ашылмаған өңірлерді қамтып жатырмыз. Қосымша білім берумен айналысады. Бұл білім беру орталығының ашылуы олимпиаданың жоғары деңгейде өтуіне септігін тигізеді. Әрбір білім сайысы сайын адам жіберу оңай емес. Қазір «Зерделі» орталығының 16 қалада, 26 қосымша білім беру орталығы, алты мектебі бар. Үлкен білім ордасына айналдық. Он бес мыңның үстінде оқушы бар.

Тамыз айының бірі деп жоспарлап отырмыз. Бұл жолы келген сапарымызда облыс орталығынан кеңсе алдық. Сол бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қосымша білім беру болғандықтан 1-11 сыныпқа дейін қамтылады. Қызметі – ақылы. Бірінші баланы тест арқылы қабылдаймыз. Мұндағы мақсат баланың білім деңгейін анықтау. Айта кету керек, барлық бала қабылданады. Бізде тереңдетіп оқытылатын негізгі пәндер – ағылшын-математика. Қазір бірқатар республикалық олимпиада жеңімпаздары, біздің мектептен шыққанын мақтанышпен айтамын. Былтыр Астанада ҰБТ 140-тың 138 балл алған оқушы біздің мектептің түлегі.

– Идея қайдан туды?

-Мен өзім 2008 жылы тарихи Отаныма Қытай елінің Алтай аймағынан келдім. Астанадағы дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебіне жұмысқа кірдім. Сол жерде жүріп математикадан халықаралық олимпиадаға оқушыларды қатыстырдым. Жалпы мұғалімнің атағын бір-ақ бала шығарады ғой. Халықаралық олимпиададан кейін атым шыға бастады. Мұғалімдерге семинар, курстар өткізуді қолға алдым. Сөйтіп жүріп Астана қаласында 2004 жылы «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығын аштым. Байқасам олимпиадаға қатысатын, жақ­сы нәтижеге жететіндердің көбі орыстілді аудитория екен. Сондағы менің ең басты мақсатым – табыс табу да, ағарту, олим­пиа­даға бала дайындау да емес, қазақтілді аудиторияны көтеру еді. Яғни, қазақ тілінің мәр­те­бесін көтеру. Екінші мақсат – қазақ ті­лін­де дидактикалық оқулықтар шығару. Мен бұл іске басында тек оқыту, ағарту мақ­сатын көздеп жүріппін. Бүгінде Зерделіге тура он жыл. Қанатын кеңге жайып, қазір 15 мыңнан астам оқушымыз бар. Сол кездегі мақсат-міндетіміздің орындалғаны деп білемін. Алпысқа жуық математика пәнінен авторлық кітаптарым бар. Арасында олимпиадалық бағытта. Білім саласында жоғары деңгейде олимпиадалар өткізіп, отандық білімнің дамуына өзіндік үлесімізді қосып келеміз. Он жыл бұрын алдым қойған миссиямның орындалғаны.

– Ісіңізге сәттілік! Білімді әрі зерделі оқушыларыңыз көп болсын!

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суретті түсірген Тимур ҚАЙРАТҰЛЫ

 

Жаңалықтармен бөлісу