Ыбырай жаққан шырақ: бүгінгі ұстаз, ертеңгі ұрпақ

Ыбырай жаққан шырақ: бүгінгі ұстаз, ертеңгі ұрпақ

Бір әріп үйреткенге – мың күн сәлем. Қостанайда мұғалімдер күніне арналған мерекенің әсері көпке дейін жұртшылық есінде қалары анық. Сахнада екі жүзге жуық оқушы мен ағайынды Жазықбаевтардың «BRO» дуэті «Ұстазым» әнін залды жаңғырта шырқағанда тебіренбеген жан кемде-кем шығар. Салтанатты кеш осындай әсерлі сәттермен қатар, білім саласында еңбек етіп жүрген педагогтерге берілген марапаттарымен де ерекшеленді. Бұл күні бірқатар ұстазға «Еңбек ардагері» медалі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі және басқа да марапаттар табысталды.

28 жаңа нысан, мыңдаған жаңа орын

Салтанатты жиынға облыс әкімі Құмар Ақсақалов, білім саласының ардагерлері, білім бөлімдерінің басшылары, кәсіподақ өкілдері және педагогикалық қауымдастық қатысты. Мереке басталмас бұрын «Жастар сарайының» фойесінде ұстаздардың портреттері қойылған фотогалерея көпшілік назарын аударды. Қонақтарды қарсы алу да айрықша: ілтипатты жастар мен әдемі әуен мерекелік көңіл-күй сыйлап тұрғандай.blankblankСахнадағы думанды бағдарлама Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық идеясынан басталып, қазіргі білім беру жүйесі мен жасанды интеллект дәуіріне дейінгі жолды көрсетті. Бұл кездейсоқ таңдалған тақырып емес. Биыл қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толып отыр.blankblankblankblankblankblankОблыс әкімі Құмар Ақсақалов ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың ұрпақ тәрбиесі мен ел болашағындағы айрықша рөлін сөз етті.blankblank

«Әр адамның өмірінде мұғалімнің орны ерекше. Бүгінде елге қызмет етіп жүрген дәрігер де, кәсіпкер де, ғалым да өз жолын ұстаз тәлімінен бастады. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз – ұрпақ тәрбиесіне ғана емес, тұтас елдің болашағына қосылған зор үлес», – деді аймақ басшысы.blankblankОблыс басшысы білім саласындағы өзгерістермен қатар, соңғы жылдары атқарылған жұмыстарға да тоқталды. 2023 жылдан бері өңірде 28 білім беру нысаны салынған. Оның ішінде 6840 орынға арналған 10 жаңа мектеп және 2,3 мыңнан астам орынға арналған 15 балабақша бар. Нәтижесінде өңірдегі оқушы орындарының тапшылығы үш есе қысқарған. Мектеп пен балабақша құрылысы алдағы уақытта да жалғасады. Қостанай мен Тобыл қалаларында әрқайсысы 1200 орынға арналған тағы екі мектеп салу жоспарланған.blankblankМектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші де өскен. Үштен алты жасқа дейінгі балалардың қамтылуы 100 пайызға жетсе, екіден алты жасқа дейінгі балалардың 96,6 пайызы балабақшамен қамтылған. Алайда, облыс әкімнің айтуынша, білім саласының басты көрсеткіші – ғимараттар мен орын саны емес, сол жерде еңбек ететін адамдар. Бүгінде облыстың білім беру жүйесінде 21 мың 612 педагог еңбек етеді. Олар 158 мың 922 оқушыға білім беріп жүр.

Үш бағытта үздік үштікте

Соңғы жылдары өңір оқушыларының халықаралық және республикалық деңгейдегі жетістіктері де артқан. PISA-2025 халықаралық зерттеуінде Қостанай облысы үш бағыт бойынша үздік үштіктен көрінді. Оқушылар оқу сауаттылығы бойынша екінші орын, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық пен цифрлық тапсырмаларды шешу бойынша үшінші орын алған. Өткен оқу жылында облыстың алты мектебі еліміздің үздік олимпиадалық мектептері қатарына енді. Қостанайлық оқушылар халықаралық ғылыми сайыстарда 23, республикалық деңгейде 47 жүлделі орын иеленді. Облыс құрамасы республикалық олимпиадада қоғамдық-гуманитарлық бағытта екінші орын, ғылыми жобалар конкурсында үшінші орын алды.
Колледж студенттерінің де нәтижесі жоғары. Республикалық WorldSkills чемпионатында олар 13 медаль мен алты «Үздік маман» медалін иеленсе, халықаралық деңгейде бір алтын медаль мен кәсіби шеберлік медаліне қол жеткізді.blankҚостанайлық түлектердің ҰБТ нәтижесі де назар аударуға тұрарлық. Мемлекет басшысы Тамыз конференциясында өңір түлектерінің жоғары көрсеткішін атап өткен. Облыс бойынша орташа нәтиже 75,3 балл болса, республика бойынша бұл көрсеткіш 69,7 балды құраған. «Алтын белгі» иегерлерінің орташа көрсеткіші – 101,8 балл.
Аймақ басшысы бұл нәтижелердің бәрі педагогтердің еңбегі екенін айтып өтті. Қуаныш Бектұрғанов, Мерей Демесінова, Әйгерім Баймағанбетова, Нұрай Жианшенова сынды талантты мұғалімдердің есімдері аталды. Сондай-ақ көп жылғы адал еңбегі үшін Мемлекет басшысының қолынан «Шапағат» медалін алған Қостанайдағы М.Горький атындағы гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Ирина Герасеваны ерекше атап, қызметіне алғыс білдірді. Аймақта колледж педагогтерінің де кәсіби шеберлігі жоғары. Олардың шәкірттері республикалық және халықаралық жарыстарда жүлде алып жүр. Ал Қостанайдағы техникалық шығармашылық мектебінің тәрбиеленушілері XIII Гимназияда бірінші, Қазақстан кубогінде кемелік спорттан үшінші орын иеленді. Облыс әкімі ерекше қамқорлықты қажет ететін балалармен жұмыс істейтін арнайы білім беру педагогтеріне де алғыс білдірді. Федоров ауданындағы Абай мектебінің мұғалімі Руслан Криволапов жетекшілік ететін «Абай жаңалықтары PRODUCTION» медиажобасы да айтылмай қалған жоқ. Жоба аясында оқушылар 250-ден астам медиаматериал әзірлеп, журналистика мен шығармашылық қабілеттерін дамытып келеді.blankСалтанатты жиында Құмар Ақсақалов білім сапасымен қатар, мұғалім мамандығының беделіне де тоқталды. TALIS-2024 зерттеуіне сәйкес, Қазақстан педагогтердің мәртебесін нығайту бойынша әлемде екінші орын алған. Мұғалімдердің 95 пайызы өз мамандығына қанағаттанатынын, ал 80 пайызы кәсіби жолын қайта таңдаса да мұғалім болатынын айтқан.blankӨңірде мұғалімдердің кәсіби дамуына арналған жобалар да іске асырылып келеді. «Үздіксіз білім берудегі педагог» жобасы аясында соңғы екі жылда екі жүзден астам түлек Қостанай педагогикалық институтына арнайы емтихансыз түсу мүмкіндігіне ие болған. Ал «Көшбасшылық мектебі» жобасы бойынша 49 мектеп директоры білімін жетілдірген. Оның 42-сі – ауыл мектептерінің басшылары. Яғни, қазіргі білім беру жүйесінде маман даярлау мектепке мұғалім болып келумен ғана шектелмейді. Кәсіби даму мұғалімнің алғашқы қадамынан бастап мектеп басшылығына дейін жалғасатын жүйеге айналып келеді.blankҚұттықтау соңында Құмар Ақсақалов білім саласының ардагерлеріне ерекше ризашылығын білдірді.

Білім мен тәрбие егіз

Осы күні сахнаға шыққан марапат иелерінің бірі – Науырзым ауданы Шилі ауылының физика пәнінің мұғалімі Мәулен Қаратаев. Ол «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. 1982 жылы Арқалықтағы жоғары оқу орнын тәмамдап, жолдамамен Шилі ауылына физика пәнінің мұғалімі болып барған. Білім ошағында 13 жыл мұғалім болып еңбек етті. Кейін ауыл әкімі, аудандық жұмыспен қамту және бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. 2009-2017 жылдары туған ауылындағы мектепті басқарды. Сонымен қатар бірнеше жыл Науырзым аудандық мәслихатының депутаты болды. Бүгінде ол – зейнеткер. Бірақ ұстаздық жылдарын еске алғанда, мектептегі күндері әлі де көз алдында.blank

«Кейін басқа қызметтер атқарғаныммен, мектептен алыстаған жоқпын. 2009 жылы қайтадан директор болып, ұстаздармен бірге еңбек еттім», – деді Мәулен Қаратаев.

Оның айтуынша, ауыл мектебіндегі ұстаздың жұмысы тек сабақ берумен шектелмейді.blank

«Ұстаздың еңбегі бірден көріне бермейді. Оның нәтижесі жылдар өткен соң шәкірттерінің жетістігімен көрінеді. Бір кездері алдыңда отырған балаңның ер жетіп, елге қызмет етіп жүргенін көргенде, еңбегіңнің ақталғанын сезінесің», – деді ардагер.

Мәулен ағайдың отбасы да ұстаздық дәстүрден алыс емес. Жұбайы Мақсұт Сексенбаева ұзақ жылдар бойы физика пәнінен сабақ берген. Төрт баласы, немерелері бар.

«Жас мұғалімдерге айтарым – ең алдымен мамандықты жақсы көру керек. Балаға білім берумен бірге тәрбие беру де маңызды. Ұстаздың айтқан бір ауыз сөзі оқушының өміріне әсер етуі мүмкін», – деп өмірлік тәжірибесін бөлісті ардагер ұстаз.blank

Ыбырай жолын жалғағандар

Ұстаздар күніне арналған іс-шарада «Еңбек ардагері» медалімен қатар «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі, «Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломы, Оқу-ағарту министрлігінің «Құрмет» және «Алғыс» грамоталар және облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы табысталды.blankblankblank«Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін алғандардың қатарында Қостанай қаласындағы Ғафу Қайырбеков атындағы №9 мектеп директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсел Байқадамова да бар. Ұстаз үшін бұл марапаттың мәні, атақтан бұрын еңбектің бағалануы. Әсіресе мектеп басшылығы құрамында жүрген педагогтің күнделікті жұмысының едәуір бөлігі көпшілікке көріне бермейді. Жоспарлау, жауапкершілік, мұғалімдерге қолдау көрсету, білім сапасын бақылау, оқушылардың мүмкіндігін ашу сияқты сан түрлі міндеттің нәтижесі ғана байқалады.

«Ыбырай Алтынсарин мұрасынан өзіме ең жақын ұстаным – мектепті тек білім беретін мекеме емес, тұлға қалыптастыратын орта деп қабылдау. Баланың бойына біліммен бірге тәрбие, еңбекқорлық пен адамгершілік құндылықтарын сіңіру – ағартушы мұрасының өзегі деп білемін», – деді тәжірибелі ұстаз.

Әсел Байқадамава «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін алған сәтін де ерекше толқыды. Өйткені, оның айтуынша, директор орынбасарының еңбегі үнемі көзге түсе бермейді.

«Кейде сен ұйымдастырған жұмыстың нәтижесі ғана көрінеді, ал оның артындағы жоспарлау, жауапкершілік, ізденіс, сансыз шешімдер мен тынымсыз еңбек тасада қалады. Бұл марапат маған еңбектің міндетті түрде жарқырап көрінуі шарт емес екенін тағы бір рет ұқтырды. Ыбырай жолы – даңқ іздеудің емес, адамға қызмет етудің жолы. Мен үшін осы марапаттың ең үлкен мағынасы да осында», – деп қуанышын жасырмады Әсел Серікқазықызы.

Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен марапатталғандардың шебінде Амангелді ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлшат Сұлтан да бар. Білім саласында 30 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан маман үшін бұл – аудандық және облыстық деңгейдегі марапаттардан кейінгі министрлік деңгейіндегі алғашқы марапат. Математика және информатика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған Гүлшат Кәкімжанқызы бүгінде педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетіп, білім беруді дамытудың заманауи талаптарына сай жұмыс істеп келеді.blank

«Бұл – менің министрлік деңгейінде алып отырған алғашқы марапатым. Отыз жылға жуық еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын. Бұған дейін аудандық, облыстық деңгейдегі марапаттарға ие болған едім. Бұл марапат мен үшін ұстаздық жолымдағы ерекше белес», – деді Гүлшат Сұлтан.

blankОсылайша, бір сахнада ұстаздық жолдың бірнеше буыны тоғысты. Бірі – ондаған жылдық тәжірибесін жас мамандарға беріп жүрген ардагер, енді бірі – білім беру жүйесін жаңа технологиялармен өзгертіп жүрген қазіргі педагог.blankblankblankblank

Ұстаздарға тағзым

Марапаттау рәсімі аяқталған соң мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төрінде ұстазға деген алғыс пен құрметті ән арқылы жеткізген өнерпаздар өнер көрсетті. Кешті Зарина Алтынбаева мен Балуан Беркеновтің дуэті ашып, одан кейін екеуі кезектесе көрерменге тамаша туындылар тарту етті. Қостанайдың тумасы, №6 мектептің түлегі Балуан Беркеновті жүргізушілер әдемі әзілмен «қазақтың Павароттиі» деп таныстырды.blankblankblankblankКеш қонақтарының қатарында театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды да болды. Ол «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері. Айта кетейік, бұған дейін көрермендерге ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Соңғы үкім» көркем фильмінен кадрлар ұсынылса, қазір Қостапнайда Азамат Сатыбалды басты рөлдердің бірін сомдайтын «Дерт» көркем фильмі түсіріліп жатыр.blankМерекелік концерттің жалғасы ретінде ағайынды Жазықбаевтардан құралған «BRO» дуэті «Ұстазға тағзым» әнін орындады. Осылайша сахнадағы әрбір өнер туындысы ұстаз еңбегіне арналған алғыс пен құрметтің бір көрінісіне айналды.blankblankblankАл мерекелік думанның соңында сахнаға Қостанай қаласындағы №24 бастауыш мектеп-гимназиясының оқушылары шықты. Екі жүзге жуық оқушы хор мен оркестрге қосылып, «Ұстазым» әнін орындады. Залдағы ұстаздарға арналған мерекелік кеш осындай ортақ құрметпен аяқталды.blankblankblankblankblankblankblank

Шұға Қоңқабай

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ