24-26 қараша күндері Ақтау қаласында 8-11-сынып оқушылары арасындағы X республикалық «Ақберен» өнер байқауы өтті. Жас өнерпаздар додасында Қостанай облысының намысын қорғай барған оқушылар үлкен олжамен оралды.
Дарындылар додасына еліміздің барлық өңірлерінен 132 өнерпаз қатысқан. Байқау «Шешендік, білгірлік сайысы», «Көркем сөз оқу», «Эссе жазу», «Ұлттық аспапта өнер көрсету», «Ақындар айтысы» және «Ақындар мүшәйрасы» аталымдары бойынша өтті.
Байқау қорытындысында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің І дәрежелі дипломымен 6 оқушы, ІІ дәрежелі дипломмен 12 оқушы, ал ІІІ дәрежелі дипломмен 18 оқушы марапатталды. Сондай-ақ 19 оқушыға арнайы номинациялық диплом мен грамота табысталды. Ауқымды іс-шараның жеңімпазары мен жүлдегерлерін ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай құттықтады.
«Ақындар айтысы»номинациясында Арқалық қаласы А.Құнанбаев атындағы мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Нұрислам Рағат алдына жан салмай, 1-орынға ие болды. Сондай-ақ
«Ақындар мүшәйрасы» аталымында Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 11-сынып оқушысы Арман Әміров топ жарды. Қос жеңімпазға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Командалық есепте Қостанай облысы 3-орынды еншіледі.