Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті қабырғасында «Достық дастарханы» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған думан оқу орнының ауласында өтті.

Мерекелік басқосудың басты көздегені – қоғамдағы бірлікті нығайту, түрлі этнос өкілдері арасындағы достық пен өзара түсіністікті арттыру, сондай-ақ мәдениетаралық диалогті дамыту. Университет өкілдерінің сөзінше, іс-шара Наурыз мейрамының рухани мәнін насихаттап, ұлттық салт-дәстүрлерді кеңінен таныстыруға жол ашады. Іс-шараны оқу орны, Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қостанай облысының Өзбек этномәдени бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.

«Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті мен оқу орнына қарасты Жоғары кәсіпкерлік колледжі ұстаздары дайындаған достық дастарханынан дәм татып, мерекеміздің көркін қыздырып отырған барша қауымға университет ұжымы атынан зор ризашылығымды жеткіземін. «Достық дастарханы» іс-шарасы – университет тарихында алғаш рет ұйымдастырылып отырған ерекше бастама. Алдағы уақытта бұл игі дәстүрді жалғастырып, жыл сайын түрлі этностардың ұлттық тағамдарын, салт-дәстүрі мен мәдениетін таныстыратын тағылымды мерекеге айналдырсақ деген ниетіміз бар. Бұл – халықтар арасындағы достық пен татулықтың жарқын белгісі болмақ. Біз қандай керемет мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды осындай сәттерде ерекше сезінеміз. Қазақстанда әр ұлт пен этносқа өзінің тілін, мәдениетін және дәстүрін дамытуға барлық мүмкіндік жасалған. Елімізде ешқандай шектеу жоқ, керісінше, ұлтаралық келісім мен бірлікке ерекше мән беріледі. Мемлекет басшысының бастамаларында, еліміздің заңнамалық реформаларында да халықтың бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Мұның барлығы қоғамның тұрақтылығы мен ел дамуына қызмет етеді. Спартакиадаға алты-жеті этнос өкілдері қатысып, өзара достық пен ынтымақтың үлгісін көрсетті. Осы орайда барлық этномәдени бірлестіктердің басшыларына және белсенді қатысушыларға ерекше алғыс айтамын. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында мұндай игі шаралар жылдан-жылға кеңейіп, мазмұны тереңдей түсетініне сенімдімін», – деді университет президенті Рихсибай Мамедов.

Іс-шара аясында қонақтар концерт тамашалап, ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстарға, облыстағы этномәдени бірлестіктердің спартакиадасына куә болды. Ұлттық тағамдардан дәм татып, әр халықтың мәдени ерекшеліктерімен таныса алады. Оқу орындағы бұл мейрамға қаламгер, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісова өңірге сапары барысында арнайы келіп қатысты.

«Баршаңызды көргеніме, туған жерімнің топырағын басып, өздеріңіздей інілерім мен сіңлілерімді құшағыма алғаныма ерекше қуаныштымын. Бүгінгі кездесу мен үшін өте әсерлі әрі жүрекке жылы сәттердің бірі болып отыр. Біздің келуімізге орай университет басшылығы осындай әдемі әрі мазмұнды іс-шара ұйымдастырыпты. Бұл – елімізді мекен еткен түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқандығының жарқын көрінісі деп білемін. Осындай берекелі ортада жастардың ынтымақ пен достықты нығайтатын іс-шараларға белсене қатысуы көңіл қуантады. Соның бір дәлелі – бүгінгі спартакиада. Жарысқа қатысып, жігерлілік пен қайсарлық танытып, мәреге жеткен барлық жастарға үлкен ризашылығымды білдіремін. Алдыңғы буын өкілі ретінде сіздердің талпыныстарыңызға сүйсініп, шын жүректен қуанып отырмын. Жеңістеріңіз құтты болсын! Бұл жетістіктер алдағы үлкен жеңістердің бастамасы болсын деп тілеймін. Әрдайым биіктен көрініп, ел мерейін асыратын азаматтар болып өсіңіздер», – деді Камал Әлпейісова.
Спорттық сайыста корей жастар қозғалысы, әзербайжан қауымдастығының «Бирлик» командасы, «Ассамблея жастары» құрамасы, өзбек этномәдени орталығының «Ёшлар» командасы, башқұрт этномәдени бірлестігінің «Азатлык» командасы және «Асаба» қоғамдық бірлестігінің командасы бақ сынасты.

«Естеріңізге сала кетейін, Қазақстанда Наурыз мерекесі қайта жаңғырғанға дейін, соңғы рет 1926 жылы ресми түрде тойланған екен. Одан кейін бұл мереке ұзақ уақыт бойы халық жадында ғана сақталып келді. Кейін, халқымыздың рухани құндылықтарын жаңғырту жолында аға буын өкілдері үлкен еңбек сіңірді. Солардың қатарында Өзбекәлі Жәнібеков пен жуырда ғана өмірден өткен Мұхтар Шаханов сынды азаматтарымыз болды. Олар Наурыз мейрамын халқымызға қайта оралтуға ықпал етті. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда біз жыл сайын Ұлыстың ұлы күнін кең көлемде атап өтіп келеміз. Ал енді Рихсибай Әбдірахманұлы келгеннен кейін тағы бір жақсы бастама қолға алынды. Ол кісі «Неге Наурыз мерекесін тек бір күнмен шектейміз? Неге оны көктем бойы атап өтпеске?» деген орынды ұсыныс айтып, осындай ауқымды іс-шаралардың ұйымдастырылуына ұйытқы болды. Бүгін біз соның куәсі болып отырмыз. Бұл – халқымыздың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын мемлекетіміздің идеологиясымен ұштастыра отырып өткізілген тағылымды мереке. Осындай бастамаларды біз әрдайым қолдаймыз және оны дұрыс бағыт деп есептейміз. Себебі мұндай іс-шаралар жастарды бірлікке, отансүйгіштікке және саламатты өмір салтына тәрбиелейді», – деді белгілі ғалым Қалқаман Жақып.
Мерекенің ерекше бөлігінің бірі ұлттық спорт ойындары болды. Қатысушылар арқан тарту, ләңгі тебу, қол күресі, қой көтеру және асық ойындары бойынша өз бақтарын сынады. Сонымен қатар әр факультет пен колледж ұжымдары түрлі этностардың ұлттық тағамдарын ұсынған дастархан жайды. Қонақтар өзбек, әзербайжан, татар, украин, орыс және армян халықтарының ұлттық тағамдарынан дәм татты.

«Оқу орында Қазақстан халқы Ассамблеясы бұрыннан жұмыс істейді. Бұл жай ғана кафедра емес, университетіміздегі маңызды бағыттардың бірі. Ассамблея жұмысына арналған арнайы кабинетіміз бар. Сол жерде университет аясында өтетін түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Біз Наурыз мерекесін атап өтіп, украин этносының мәдениетін таныстырып жатырмыз. Әр халық өз дәстүрін, ұлттық тағамдарын және мәдени ерекшеліктерін көрсетуде. Біздің мақсатымыз – түрлі этнос өкілдерінің достығы мен бірлігін насихаттау. Дастарханымызда украин халқының ұлттық тағамдары ұсынылды. Атап айтқанда, борщ, вареник, картоп тағамдары секілді дәстүрлі ас түрлері қойылды. Сонымен қатар варениктің картоп пен ірімшік қосылған бірнеше түрі, түрлі бәліштер де дайындалды. Украин асханасындағы кең тараған тағамдардың бірі – голубцы. Оған күріш, көкөніс және ет салынып әзірленеді. Бұл тағамдар қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлап, ұлттық мәдениеттің байлығын көрсетті. Мереке өте көңілді әрі тағылымды өтті. Біз келген қонақтардың барлығына ұлттық тағамдарымызды ұсынып, мерекелік көңіл күй сыйладық», – дейді әлеуметтік-экономикалық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Елена Субботина.

Мереке соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Сахнада Фархад Умуркулов «BALES» әнін орындап, «Селена» хореографиялық ансамблі қазақ биін биледі. Сондай-ақ Анастасия Серикова мен Сергей Губерт өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекелік іс-шара жастар арасында достық пен өзара сыйластықты нығайтып, ұлттық мәдениетті дәріптеуге зор үлес қосты.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған – оқу орнының баспасөз қызметі
