Орта жастан асқан адамдардың жастықпен білінбеген дерті уақытында ем алмаса, асқына беретінін мамандар айтып дабыл қағуда. Оны көбінесе қазіргі экологиялық жағдаймен байланыстырып жатамыз. Алайда, айналамызда сирек кездесетін қант диабетінің дауасы бөлек. Бұл туралы қаламыздағы төртінші емхананың эндикринолог дәрігері Орынкүл Тұржановадан білген едік.
– Орынкүл Әбдуқызы, бүгінде ғалымдар қоғамның қауіпті дерт қант диабетінің алдын алуға болатынын зерттеуде. Оның алдын алмас бұрын анықтамасын біліп алған дұрыс секілді. Осы жайлы түсінік бере кетсеңіз.
– Қант диабеті-қандағы қант деңгейінің созылмалы, ұзақ мерзімді жоғарылауымен байланысты метаболикалық аурулар тобы. Көбісі бірінші және екінші типті қант диабеті туралы біледі, бірақ қанттың жоғарылауынан басқа созылмалы аурулардың (Кушинг ауруы, Акромегалия және т.б.), генетикалық синдромдардың, сондай-ақ жүктілік кезінде (гестациялық қант диабеті) симптомы болуы мүмкін.
– Осы жағдайлардың алғашқы белгілерін қалай білуге болады?
– Бірінші типті қант диабеті алғаш рет қысқа мерзімде пайда болуы мүмкін. Пациент (көбінесе жас кезінде) күрт салмақ жоғалтып, өзін әлсіз сезінеді. Осы кездері қатты шөл қысып, адамның көру қабілеті нашарлайды. Жақын адамдарға ацетонның иісі секілді жағымсыздықтар байқала бастайды. Дереу өлшеу кезінде қанттың жоғары деңгейі анықталған жағдайда әдетте ауруханаға жатқызуды қажет етеді.
Қант диабетінің екінші түрінде пациент ұзақ уақыт бойы ешқандай ыңғайсыздықты байқамауы мүмкін. Жағдайлардың 50% – дан астамы асимптоматикалық күйде бола береді. Көбінесе қабылдауымызға келген науқастар шөлдей беретіндеріне, жиі зәр шығаруларына, терілерінің шырышты қабаттарының қышуына, сызаттар мен жаралардың ұзақ емделуіне шағымданып жатады.
– Иә, науқастарға қолайсыз жәйттер ауыр соғып келетінін айтып отырсыз. Енді соны емдеудің жолдарын қалай тарқата аласыз?
– Қант диабеті-қазіргі уақытта толық емделмеген созылмалы ауру. Алайда, уақытында диагнозы анықталып, ем-шараларын уақытында алып отырса, қант диабеті денсаулықты аса нашарлатпайды. Науқас дәрігердің ұсынымдарын неғұрлым мұқият орындап, осы мәселе бойынша білімін толықтырса, соғұрлым ол бай, сау әрі ұзақ өмір сүре алады. Қант диабеті көп жағдайда сіздің өмір салтыңызды жақсы жаққа өзгертіп, денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарауды арттырады.
– Қант диабеті әрқашан артық салмағы бар адамдарда болады деп жатады. Осы қаншалықты рас?
– Семіздік қант диабетінің даму қаупінің факторы болғанымен, бұл аурудың даму механизміне байланысты дүние. Көп жағдайда глюкозаға тәуелді тіндердегі қалыпты құбылыстардың жойылуынан қан құрамы бұзылып жатады. Бірақ, артық салмағы бар адамдарда қант диабеті әрдайым бола бермейді. Мысалы, бірінші типті қант диабеті дене салмағының төмендеуімен байланысты емес пе…
– Қан құрамын бақылау үшін қантты жиі өлшеп тұру керек дейсіз ғой.
– Жоқ, сау адамдарға қандағы қантты жылына 1 рет алдын-ала өлшеу жеткілікті. Егер диагноз қойылса, онда өлшеу саны мен жиілігін дәрігер қант диабетінің түріне, ағымның ауырлығына, сондай-ақ терапия түріне байланысты жеке анықтайды. Қант диабетімен ауыратын кез келген науқаста глюкометр (қант өлшегіш) болуы керек және оны өз бетінше қолдана білуі керек.
– Қант диабетінің асқынуын алдын алып отыруға инсулин қажет дейді. Осы жайлы не айтар едіңіз?
– Бірінші типті қант диабетінде инсулин терапиясы емдеудің жалғыз нұсқасы. Екінші типте терапияны дәрігер жеке таңдайды және көптеген факторларға байланысты (қант деңгейі, асқынулардың болуы, курстың ауырлығы). Көп жағдайда бұл таблеткадан жасалған қантты төмендететін дәрілермен байланысты болады. Егер гиполикемия (қант) индикаторлары жеке мақсатты қанағаттандырмаса, дәрігер терапияға инсулин қосуы мүмкін.
– Гипогликемия туралы толығырақ айта кетсеңіз.
– Гипогликемия-қандағы қант деңгейінің төмендеуі. Оған қандағы инсулин деңгейінің глюкоза деңгейіне қатысты жоғарылауы себеп. Негізгі белгілері – әлсіздік, қатты қысқан аштық, жүрек соғысы, діріл, мазасыздық және терлеу. Гипогликемияның даму қаупінің факторларына инсулиннің артық қолданылуы, тамақтан бас тарту немесе инсулин терапиясындағы тамақтану бірліктерінің жеткіліксіз саны, ұзақ физикалық белсенділік жатады. Егер бұл жағдай уақытында тоқтатылмаса, онда науқас есін жоғалтып, комаға түсуі мүмкін.
– Қант диабеті кеш асқынулардың дамуымен қауіпті екенін айтып жатырсыз. Осы асқынуларға жиі жол бермеу үшін қалай тамақтану керек?
– Тамақтану қант диабеті терапиясының маңызды рөлі. Ол өмір салтының маңызды құрамдас бөлігі болғандықтан, пациенттің жеке қалауын ескеру қажет. Әдетте, жеңіл сіңімді көмірсулар мен майларды шектеу ұсынылады. Ораза, кез келген экстремалды диеталар, қант диабетіне қарсы келетін факторлар. Семіздікке шалдыққан адамдарға дене салмағын біртіндеп төмендету ұсынылады.
Көбінесе, адамдар арнайы бөлімдерде “қант диабетімен ауыратын науқастар үшін” деп белгіленген тағамдарды сатып алғанда, олар калориясыз әрі өте пайдалы өнімді сатып алдық деп қателеседі. Өкінішке орай, бұл жай ғана қате түсінік және маркетологтардың айла-амалдары. Осы немесе басқа өнімнің қаншалықты пайдалы екенін түсіну үшін қаптамада көрсетілген оның құрамын мұқият зерделеуге дағдылану керек.
– Әңгімеңізге рақмет, ауыру-сырқаудан аман болайық!
Сұқбаттасқан Жанболсын Қайыржанұлы