Ұзынкөлдік шаруа Ауыл шаруашылығы саласының үздігі атанды

Ұзынкөлдік шаруа Ауыл шаруашылығы саласының үздігі атанды

Ұзынкөл ауданындағы «Мирас» шаруа қожалығының жетекшісі Болат Қарабаев  «ҚР ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін омырауына тақты.

Болат Жұмашұлының шаруа қожалығы  5000 гектар алқапқа егін егеді. Мұның сыртында  200-ден астам етті бағыттағы қара мал, осынша жылқы, қой ұстайды.

«Мирас» шағын ғана кәсіпорын болғанымен  көптің қолынан келмейтін іс тындырып отыр.  Шаруақор азамат ең бірінші ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайына көңіл бөледі. Ауылда бірнеше нысан, жаңа тұрғын үйлер салды. Оларды еңбек озаттарына беруді дәстүрге айналдырған. Іскер азамат  жыл сайын әлеуметтік саланың өзіне  150 млн теңгедей жұмсайды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін азаматтық парызым деп түсінетін ол кісіге жасаған еңбектің қайтарымы еселене түсетінін жақсы біледі.

«Қарапайым еңбек адамына лайықты жағдай жасалса ғана, жұмыс өнікті болады. Өйткені, олар отбасына алаңдамауы тиіс. Мен алдымен осыған мән бердім», – дейді Болат Қарабаев.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу