Елді мекендерді ауыз сумен қамту өзекті мәселелердің бірі. Бүгінде Ұзынкөл ауданында 32 елді мекеннің жетеуі орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Обаған ауылы «Мирас» ШҚ базасындағы кешенді су тазарту қондырғысы арқылы қамтылып отыр. Биыл да бірқатар ауылдар тіршілік нәрімен қамтылмақ. Осы және ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы облыстық коммуникациялар қызметі алаңында Ұзынкөл ауданының әкімі Марат Жұрқабаев айтып берді.
– Новопокров, Сатай, Варваровка, Павлов, Сибир, Речное, Воскресенов, Крутоярка ауылдарында су тарату пункттері орнатылды. Троебратское, Бауман, Ершов, Киров, Ксеньевка, Моховое, Тайсойған, Сокол ауылдарына су тасып ішіп отыр. Абай, Иваноровное, Пресногорьков, Белоглинка, Красный борок, Волна, Первомайка, Песчанка ауылдары орталықтандырылмаған сумен (ұңғымалар, құдықтар) жабдықталған. Биыл аяқталуы тиіс төрт инвестициялық жоба жұмыстары жалғасуда. Ершов ауылында су құбырын салу жобасы аясында іске асыру басталғаннан бері 1 млрд 490 млн теңге бюджет қаражаты игерілді. Ұзындығы 4,5 км магистральдық су құбыры, 25,9 км кентішілік желілер, 324 құдық орнатылды. Жұмыстың 96% – ы аяқталды. Тек қана іске қосу, ішкі торлы қоршау, абаттандыру жұмыстары қалды. Нысанды пайдалануға беру үшін құжаттары әзірленуде, – дейді Ұзынкөл ауданының әкімі.
Пресногорьков ауылын сумен жабдықтау жобасы қолға алынғаннан бері 686,4 млн теңге бюджет қаражаты игерілді. Жоба мердігері «Байсын-А» ЖШС. Бүгінде мұнда 95% жұмыстар орындалған. «Байсын-А» ЖШС кепілдік хатының негізінде шілде айының ортасында объекті пайдалануға берілмек. Былтырдан бастап Новопокров ауылында су құбырының құрылысының екі жылдық жобасы іске қосылып, оның 312,7 млн теңгесі игерілді. Су тарту жұмыстарын мердігер «ПанСтрой» ЖШС мойнына алған. Биыл қазан айында аяқталады деп күтілуде. Аталған жобалар аясында қосымша алты ауыл сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
– Ауылдарды орталықтандырылған су жүйесімен жабдықтауға және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 25,0%-дан 43,7%-ға дейін қамту жоспарда. Бұдан басқа, Ұзынкөл ауданының Троебрат ауылында су құбыры тарату желілерін салу жобасы бойынша жобалық-құндық құжаттары «MS Industrial» ЖШС әзірледі. Жобаның жалпы сметалық құны 1 млрд 685,7 млн теңге. Бұдан бөлек, үстімізлдегі жылы жалпы құны 94,5 млн теңгеге Бауманское-2, Абай, Тайсойған, Белоглинка, Волна, Песчанка, Первомайка, Красный борок ауылдарына су тарату пункті орнатылды, – дейді Марат Кенжебекұлы.
Осы орайда Марат Жұрқабаев аудандағы ауыз су мәселесіне, және Ершов ауылында қымбат сусорғы станциясын салуға байланысты қойылған «Қостанай таңы» тілшісінің сауалына да жауап берді.
– Президент тапсырмасы бойынша біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Облыстық және республикалық бюджеттен қаражат көлемі ұлғайып, оның бәрі жүзеге асырылуда. Дегенмен, Ершов ауылына тоқталар болсақ, қазіргі таңда мердігер «Life Stroy Invest» ЖШС жұмыстарын 96% пайызын тәмамдап, абаттандыру жұмыстары қалды. Бұл жоба төрт жылға созылды. Қазіргі уақытта сот отырысы өтіп жатыр. Сот шешімі шыққаннан кейін біз әрі қарай жұмыстарды жалғастырамыз. Кеше түс қайта бір бригада келіп, жұмысын бастады. Жоспар бойынша өзім мердігер компания басшыларымен кездестім. осы жылдың 15 шілдесінде аяқтап тапсыруға уәде берді. Аудан көлемінде сумен қамтуға бөлінген қаражатты айтар болсақ, бүгінгі таңда үш ауылда тіршілік нәрімен жабдықтау жобасы аяқталады. Сатай, Федоров, Сокол одан да басқа Пресногорьков, Троебрат, Новопокров ауылды мекендері жоспар бойынша биыл аяқталғанымен де, келесі жылы да жалғасады. Аудан бойынша бұл жұмыстар әлі де жалғасатын болады», – деді Марат Жұрқабаев.
Жалпы, өңірде сапалы білім беру, спортты дамыту, медициналық қызмет көрсету, жұмыс және демалыс үшін барлық заманауи мүмкіндіктер қолжетімді болуы үшін барынша күш жұмсалмақ.
Облыс әкімінің тапсырмасы Ұзынкөлде жабық хоккей орнын салу жоспарланған. Былтыр қазан айында жобалық-құндық құжаттарды әзірлеу үшін «Союзпроекгрупп» ЖШС-мен келісім-шартқа отырды.
Айта кету керек, бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізетін орталық стадионы жоқ жалғыз өңір.
– Бүгінгі таңда жалпы сомасы 2,4 млрд теңгеге үш жүз орындықты Ұзынкөл ауылында стадион салу жобасы әзірленуде. Жобаны іске асыру халықты дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға қолжетімділікті қамтамасыз етуге және одан әрі тартуға, барлық деңгейдегі дене шынықтыру мен спорттың сапасын арттыруға, салауатты өмір салтын дамытуға, спорт резервін үздіксіз даярлауды қамтамасыз етуге және ұлттық құрама командаларды даярлауға бағытталған, – дейді аудан әкімі.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ