Ұзынкөл мектебіне Кәмшат Дөненбаеваның есімі берілді

Ұзынкөл мектебіне Кәмшат Дөненбаеваның есімі берілді

Бүгін Ұзынкөл ауданында мемлекеттік тілде оқытатын мектепке Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Байғазықызы Дөненбаеваның есімі берілді.

Мектепте қазақтың даңқты механизаторына мұражай ашылды. Оны жабдықтауға Еңбек Ерінің ұрпақтары атсалысты. Мұнда батыр ананың өмір тарихы және марапаттарымен танысуға болады. Сондай-ақ келушілер назарына қазақ халқының батыр қызының фотосуреттері қойылған.

“Оқу ордасына Кәмшат Дөненбаеваның есімін беру, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін маңызды, себебі мұндай азаматтардың өмірі мен еңбегі жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге зор ықпал етеді. Мақсатымыз – келешек ұрпаққа үлгі етер тұлғалардың өмір мен тарихын, ерлік-еңбектерін кеңінен насихаттау. Мектеп ұстаздары өздерінің тәрбие жұмысында кәмшаттану курсын енгізеді. Балалар Кәмшат Байғазықызының сомдалған тұлғалық келбетіне, өзіндік ерекшелігіне көздерін жеткізіп, өздері үшін қадір-қасиеттері мол адам болғанын түсінеді. Кәмшат тәріздес Отанына аянбастан өз еңбектерін сіңіруге тырасады да, еліміздің одан әрі дамуына өзіндік үлес қосады, деймін”, – деді Ұзынкөл ауданының әкімі Марат Жұрқабаев.

Еңбек Ері есімін иемденген білім ошағында бүгінде 180-нен астам шәкірт білім алады. Бүгінгі іс-шараға алыстан-жақыннан даңқты механизатордың көзін көрген жерлестері, сыйлас замандастары, балалары, сондай-ақ педагогтер мен оқушылар қатысты.

“Бұл – біздің мектеп үшін үлкен мереке. Білім ордасына жерлесіміз Кәмшат Дөненбаеваның есімі берілгенін мақтан тұтамыз. Келешекте біздің оқушыларымыз Кәмшат апамыздың ерліктерін жалғастыратынына кәміл сенеміз. Мектебіміздің бүгінгі мақсатыы – ұлттық құндылықтар негізінде оқушыларға патриоттық тәрбие беру”, – деді мектеп директоры Ақлима Амрина.

 

Кәмшат Байғазықызы 1943 жылы 15 қыркүйекте Қостанай облысы Ұзынкөл ауданының қазіргі Ұзынкөл (сол кездегі Демьянов) селосында дүниеге келген. Ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосқан атақты механизатор, тың игеруші, еңбек ардагері, қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Дархан ӘМРИН

Жаңалықтармен бөлісу