Восточный ауылының мұғалімі Ислам Қауден облыстық «Қостанай таңы» газетін жаздырып алып, ұтысқа ие болды.

Ұтыс иесінің ұстаздық жолда жүргеніне биыл бес жыл болады. Тірек ауыл мектебінде Қазақстан тарихы, дүние жүзі тарихы негіздері пәнінен 5 – 11 сыныптар аралығында сабақ береді.

«Сәті түсіп, газетке жазылып қолшатыр ұтып жатырмыз. Газеттің барша оқырмандарына да осындай сыйлық болсын деп тілеймін. Әрине, адам үшін ең басты сыйлық білім мен таным. Газет ұжымына және демеушілеріне зор алғысымды білдіремін», – дейді Ислам Айдосұлы.
Восточный жалпы білім беретін мектебінде оқушылар саны да ұстаздармен қамтылуы да жақсы. Жас мамандар келіп жұмыс істейді.

Ислам Айдосұлы өзіне ауыл тұрмысының ұнайтынын айтады. Ауылда қаладағыдай тұрмыс қалыптасқан. Негізгі қызмет салаларының бәрі жұмыс істеп тұр. Ауыл республикалық маңызы бар автомобиль жолының және теміржолдың бойында орналасқан.
Еске сала кетсек, «Қостанай таңы» облыстық газеті кейінгі үш жыл қатарынан ұтыс ойынын үзбей ұйымдастырып келеді. Онда шипажайға жолдама, түрлі бағалы сыйлықтар ойнатылады.
Кезекті ұтыс иесі Ислам Айдосұлына газет демеушісі «Еурвзия Банк» ұсынған қолшатыр табыс етілді.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
