Ұстаздарға сыйлық беруге бола ма?

Ұстаздарға сыйлық беруге бола ма?

Биыл Қостанай облысында оқу жылын 111 мың оқушы аяқтайды, оның ішінде төрт мыңнан астамы түлектер. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында Қостанай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Данагүл Сүйіндікова баяндап берді.

Оқу жылының аяқталуына байланысты салтанатты іс-шара мектептерде 1 маусым күні сағат 10:00-де өтеді. Қорытынды емтихандар 9-сынып оқушыларына 2-13 маусым аралығында, 11-сынып түлектеріне арналған мемлекеттік қорытынды емтихандар 5-19 маусым аралығында өтеді.

– Сынып сағаттары мен желілерін ұйымдастыру, педагогикалық әдепті сақтау және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында дипломдар мен аттестаттарды салтанатты түрде тапсыру кезінде ата-аналардан іс-шараларды өткізуге, аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды тартуға қаражат жинауға жол берілмейтінін еске саламыз. Сонымен қатар, мектеп әкімшілігі мен педагогтарға сыйлықтар жинауға тыйым салынады, – деді Д. Сүйіндікова.

Түлектерге аттестаттарды салтанатты түрде тапсыру 21 маусымда өтеді. Өз кезегінде дипломдарды тапсыру 28 маусымнан 1 шілдеге дейін жалғасады.

Дәстүр бойынша Халықаралық балаларды қорғау күні кең көлемде атап өтіледі. Әр өңірде «Шығармашылығым саған, Қазақстан» мерекесі ұйымдастырылып, балалардың  жұмыстары қойылған көрме, сурет байқаулары, спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Облыс орталығында «Сен үздіксің» ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталады.

«Мектеп балалардың көзімен» облыстық жобаның жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар беріледі. Оқушылардан құралған үш жеңімпаз командаға мектеп аумағын абаттандыру бойынша өз жобасын жүзеге асыру үшін 3 млн теңгеден сертификаттар табыс етіледі.

Әсел ҚИБАШ.

Жаңалықтармен бөлісу