Ұстаздар  марапатталды

Ұстаздар  марапатталды

Әрқайсымыздың өмірімізде өз ұстазымыз бар. Адам қандай мамандық иесі болмасын, өмірде қандай жетістіктерге жетпесін, бұның бәрі ұстаздың арқасы. Алғаш мектепке барған күннен білім әлемінде үлкен өмірге жол сілтеген жарық жұлдыз іспеттес. Демек, Ұстаздар күні – шын мәнінде бүкіл халықтық мереке. Осынау мерекеге орай Қостанай қаласының бірқатар ұстаздары мемлекеттік, мерекелік наградалармен марапатталды.

Қостанайдағы №20 мектептің мұғалімі Қалима Қамбарова ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тарапынан еңбегі дараланған жандардың бірі. Педагогика саласында  қырық жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ұстаз ҚР Оқу-ағарту министрлігінің атынан “Еңбек ардагері” медалімен марапатталды.

«Бұл мамандыққа өз ұстазым үшін келдім. Маған кішкене кезімнен үлгі берген тұлға ретінде жүрегімде қала берді. Сөйтіп бала кезімде: “өскенде осы кісі секілді ұстаз боламын!” деп шештім. Қазір бұл қадамыма ешқашан өкінбеймін. Балалармен жұмыс істеген қатты ұнайды. Балғындармен ортақ тіл табу маған үлкен күш береді. Бүгінгі марапатты шынымды айтсам күтпедім», – дейді Қалима Қамбарова.

Ұстаздардың ғұмыры өз абырой үшін емес, еліміздің болашағы сенімді қолда болса екен деп жанталасумен өтеді.

Қостанайдағы №23 мектепке 25 жылын арнап келе жатқан Наталья Нидерер Ыбырай Алтынсарин төс белгісінің иегері атанды. Ұстаздық жолы Наталья үшін  үшінші әулеттен келе жатқан кәсіп.

«Ұлы ағартушының елінде тұрып, тұлғаның атындағы төсбелгіні тағып отырмын. Мен үшін одан артық құрмет жоқ. Осында алғаш мектеп ашқан піріміздің жалғасы болғанымды әрдайым мақтан тұтамын. Мәні тереңде жатқан бұл дәстүр маған үшінші әулеттен келе жатыр. Әжем де орыс тілінен сабақ берген. Анам химия пәнінің маманы. Өзім педагогика ғылымдарының кандидатымын. Төрт оқушым олимпиада жеңімпаздары. Қырық мемлекеттің арасында жүлделі орындарды иеленеді. Осының бәріне, Ыбырай Алтынсариннің өсиетімен ата-аналар арқылы қол жеткіздік», – дейді Наталья Нидерер.

Ұстазға қойылатын  бірінші талап –балаларды жақсы көру. Екінші міндеті – өз пәнін шексіз сүю. Әрдайым жаңашылдыққа ұмтылып, қоғамда белсенділікті арттырғанда ғана үлгі алған ортаның кез келген  қызығушылығы ояна берері сөзсіз.

Бұл қасиеттердің барлығы жиырма бес жылдан бері физика-математика лицейінде тер төгіп келе жатқан бастауыш сынып мұғалімі Қарлығаш Ибраеваның бір бойынан табылады. Биыл осы еңбегі жоғары бағаланып, ұлы ағартушының төл белгісіне қол жеткізді.

«Мектеп босағасына ұстаз болып аттағаныма қырық жыл. Соның жиырма бес жылын физика-математика лицейінде өткізіп келемін.  Мұғалім болу әу бастағы арманым болды.Басқа салада өзімді елестете алмаймын», – дейді Қарлығаш Ибраева.

Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Мәжит Шүленов осы бір мереке иелерін құттықтап, облыс, қала әкімінің атынан марапаттарды табыс етті.

 «Сіздер ағартушы Ыбырай Алтынсариннің жолын жалғадыңыздар. Бұл үлкен жауапкершілік пен қажымас қайратты талап етеді. Шәкіртке терең білім мен тәрбие беріп, үлкен өмірге жол аштыңыздар. Сондықтан сіздерге бәріміздің айтар алғысымыз шексіз», – деді Мәжит Шүленов.

Бүгінде облыс орталығында 116 білім беру мекемесі табысты жұмыс істеп келсе, онда төрт мыңнан астам  педагог еңбек етеді. Осы жылы олардың сексенге жуығы оқу-әдістемелік кешендердің авторлары, алпыстан астамы  кәсіби конкурстарда облыстық және республикалық наградалардың иегерлері атанған.

Жақында ғана қалалық техникалық шығармашылық мектебі облыстың «Үздік қосымша білім беру ұйымы» танылып, үш миллион теңге көлемінде сыйлық ақы алды. Осы жеңістердің әрқайсысы – ұстаздардың күнделікті қажырлы еңбегінің арқасы.

«Білім беру саласы-ұлттыңболашағы қаланатын іргетас. Сондықтан әрбір мұғалімнің білім беруді дамытуға қосқан үлесін мемлекет жоғары бағалайды. Мемлекеттер тарапынан қабылданып жатқан қолдау шараларының арқасында жыл сайын түлектердің көбі жер бетіндегі ең асыл мамандық – мұғалім мамандығын таңдайды», – деп атап өтті әкімнің орынбасары.

Мәселен, биыл Қостанай мұғалімдерінің қатары тоқсан жас маманмен  толығып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ал білім гранттарын алған үш жүз тоқсан жеті түлектің тоқсан екісі жер бетіндегі ең асыл мамандық – мұғалім мамандығын таңдаған.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу